$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы қалалық білім басқармасы сауна аумағында орналасқан лагерьге қатысты дауға жауап берді

17.07.2023ж. 20:00
1272
Алматы қалалық білім басқармасы сауна аумағында орналасқан лагерьге қатысты дауға жауап берді

Алматыда әлеуметтік осал топтағы отбасының балалары үшін жазғы лагерьде тегін демалыс ұйымдастырылған. Алайда жеткіншектердің бұл қуанышы ұзаққа бармады. Ұзынағаш ауылындағы «Арман дала» атты демалыс орнындағы жағдай түрмеден де нашар болып шықты. Жантүршігерлік кадрлар әлеуметтік желіде тарады. Жүз оқушы тар, желдетілмейтін бөлмелерде еденде ұйықтаған. Ол-ол ма, лагерьдің өзі сауна ішінде орналасқан, мұнда өзге ер адамдар жалаңаш жүрген көрінеді. Бұл сұмдықты біле сала, ата-аналар шу көтерді.

Инна ЛОЖНИКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің 10 жасар жиенім аталған лагерьге жолдама алған. Ол онда небәрі бір тәулік болды. Лагерь емес, кәдімгі сауна болып шықты. Балалар ата-аналарына фотосуреттер мен видеожазбалар жібере бастаған соң, лагерьдегі қызметкерлер телефондарын тартып алған екен.Ұлдар мен қыздар бір бөлмеде топтасып жатқан.

Ата-аналар дереу кеп, перзенттерін алып кетеді. Ал қалалық білім басқармасының өкілдері аталған жерде қалайша балалар демалысын ұйымдастыру туралы шарт жасалғаны жөнінде мардымды жауап бере алмай отыр.

Айдын САЙЛАУБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қызмет көрсетуші «БелРичи» ЖШС компаниясына қатысты жауапсыз жабдықтаушы деп тану және оның мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз дайындалуда. Қызмет көрсетушімен ағымдағы шарт бұзылады. Білім басқармасының жауапты қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды. Жұмыс тобы аясында барлық қала сыртындағы лагерьлер тексеріледі.