×

Оралдағы жедел жәрдем орталығында медициналық көліктің 48 пайызының тозығы жеткен

AstanaTV
08.04.2016ж. 20:00
2834
Оралдағы жедел жәрдем орталығында медициналық көліктің 48 пайызының тозығы жеткен

Оралдағы жедел жәрдем қызметі көліктерінің тең жарымының тозығы жеткен. Осының кесірінен дәрігерлердің шақырту түскен науқастарға уақытылы жетуі мұң болып отыр. Дегенмен, болашақта бұл проблема шешілмек. Өңір басшысы қолда бар техника паркін жаңартуға көмектесерін айтып сендірді.

Жедел жәрдем диспетчерлеріне бір тәулікте 500-дей қоңырау түседі. Көмек ең алдымен ауыр жараланып қалғандарға көрсетіледі. Бірақ оларға жету де оңай емес.

Елена Грищенко, Орал қалалық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары:

Егер жедел жәрдем көлігі жолда бұзылып қалса, диспетчер басқа бригадалардың қозғалыс кестесін өзгертуіне тура келеді.  Шақыртуға кеткен бригадалармен байланысып, оларды кері алдырып, басқасымен ауыстырады. Бұған да уақыт кетеді.

Бұл орталықта 34 санитарлық автокөлік бар, оның 18-і медициналық құралдармен жабдықталған. Нормативті ережеге сай, арнайы медициналық көліктер 3 жыл пайдалануға жарамды. Ал, мұндағы көліктердің тең жарымы ескірген. Көлік жүргізушілері күніне 7 көліктің жөндеуге тұратынын айтады.

Марат Бекежанов, «Медициналық жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі: 

Мына көлігіме 9 жылдан асты. Жақында қозғалтқышын  жөндедік. Бізге жаңа көлік керек, өйткені, темірге сенім жоқ, кез-келген уақытта істен шығуы мүмкін.

Медициналық алғашқы көмекке жететін көліктердің жүргізушілері жолдағы келеңсіздіктерге де тоқталды. Жарыса жөнелетін немесе жолды босатпайтын темір тұлпарлар жұмысымызға кедергі келтіреді деп отыр. 

Людмила Долгова, «Медициналық жедел жәрдем» бригадасының фельдшері:

Шақыртулар көбейгенде кейде кешігіп те қаламыз. Барынша үлгіруге, тезірек көмектесуге тырысамыз. Бірақ көліктер жол бермейді. Тіпті жолды әдейі бөгеп тұрып алатын қаскүнемдер де бар.

Еркін Карин, тілші:

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болу оңай емес. Жолдан жаңылмай, көшеден адаспай, науқасқа тез жету - басты міндет. Бірақ діттеген жерге жеткенше, жүйке жұқарады. Өйткені арнайы белгіні іске қосқан алдымыздағы жедел жәрдем көлігіне ығысып жол берген ешкімді көрмедік. Шамасы, оралдық жүргізушілер тек жол полициясын ғана мойындайтын сияқты.

Ал осы сәтте көмекке мұқтаж жандардың дәрігерді ұзақ күтуіне тура келеді. Жедел жәрдем қызметіндегі келеңсіздіктермен жуырда облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп танысып кетті. Мәселеге қаныққан соң оны тез арада шешуге уәде етті.

Еркін КАРИН