$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордада мектеп тапшылығы мәселесі қашан шешіледі?

AstanaTV
18.07.2023ж. 18:30
1133
Елордада мектеп тапшылығы мәселесі қашан шешіледі?

Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев елорда мектептеріндегі орын жетіспеушілігі және үш ауысыммен оқу мәселесі қашан оң шешімін табатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада білім беру саласындағы проблемалардың бірі – оқушы орындарының жетіспеуі. Қалада 164 мектеп бар, онда 236 мың оқушы білім алып жатыр. Дегенмен, жыл санап оқушылардың саны артып келеді. Бүгінде 27 мыңнан астам өтініш қабылданды, демек оқушылардың саны 250 мыңнан асып түседі деген сөз. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық. Қаладағы 18 мектепте бала толып кеткен және 8 мектеп үш ауысымда оқытады. Осы мәселелерді шешу жолында 15 700 оқушыға арналған 11 мектеп салынып жатыр. Оның төртеуі осы оқу жылында пайдалануға беріледі», - деді Қасымхан Сенғазиев қалалық мәслихат отырысында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында елордада 24 мектеп салынатыны туралы айтты.

«Бүгінде 15 мектептің құрылысы басталды. Қалғаны бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс толығымен 2024-2025 жылдары аяқталады. Сол кезде орын жетіспеушілік және үш ауысымда оқу мәселелері шешіледі», - дейді ол.