Алматыда алғаш рет донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. 6 сағатқа созылған күрделі ота Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында өткен. Бұл туралы Almaty.tv арнасында хабарланды.
Арнаның хабарлауынша, органдар доноры болған Алматы тұрғыны 53 жасында екінші рет ишемиялық инсультқа шалдыққан. Марқұмның туыстары отаға келісім бергеннен кейін, жүрек ауруына шалдыққан 23 жастағы астаналық жас азаматқа донордың жүрегі трансплантацияланған.
"Донор пайда болғаннан кейін шақырып, толықтай зерттеу жасап, жүрек алмастыру отасы жасалды. Қазір оның жүрегі жақсы соғып тұр. Бұрынғыдай жүрек жетіспеушілігінің симптомдары қайтты. Енді күннен күнге жағдайы жақсарып келеді", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Жүрек трансплантациясы бойынша ота кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен жасалған. Арна мәліметінше, бұған дейін Қазақстанда мұндай 85 ота жасалған. Сондай-ақ елімізде 2012 жылы алғаш рет жүрек трансплантациясынан өткен азамат бүгінде белсенді өмір салтын ұстануда.
"Институт үшін бұл – тарихи жағдай. Біздің бірінші мақсатымыз – отаны жалғастырып, институттың ішінде жолға қою. Оған құрал-жабдықта да, маман да жеткілікті. Юрий Владимирұлының командасымен 1-2 ота жасалса, біздің мамандар өзі жолға қояды", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Бүгінде Қазақстан бойынша 147 адам жүрек трансплантациясын күтіп отыр. Алайда жыл сайын донор кезегінде тұрған науқастардың 70 пайызы көз жұмуда. Сонымен қатар Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың сөзінше, қазір елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыру кезегінде тұр.