Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында кәмелет жасына толмаған үш қыз бала суға батып кетті. Бұл туралы өңірдің төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қайғылы жағдай 21 шілде күні болған. Ведомство мәліметінше, 16:45-те Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылдық округі, Аралтоғай ауылынан 3 шақырым қашықтықтағы Ырғыз өзенінде 3 жасөспірім қыздың шомылуға тиым салынған жерде суға батып кеткені жөнінде 112 құтқару қызметіне хабарлама келіп түсті. Куәгерлер 2007 және 2011 жылғы балалардың денесін судан шығарған. Ал 2013 жылғы қыз баланың денесін жедел құтқару жасағының қызметкерлері сағат 21:32-де жағадан 10 метр қашықтықта 6 метр тереңдіктен алып шықты. Суға шомылу кезінде, бір қыз баланың анасы қастарында болған.