Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

30 тамыздан ереже бұзған электр самокаттары айып тұрағына жеткізіледі

AstanaTV
24.07.2023ж. 21:12
854
30 тамыздан ереже бұзған электр самокаттары айып тұрағына жеткізіледі

22 маусымда Сенат «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңының жаңа редакциясын мақұлдады. 29 маусымда Президент тиісті заңға қол қойды. Құжат алғаш ресми жарияланғаннан 60 күн өткен соң, яғни 30 тамызда күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді келер айдың соңынан бастап электр самокаттардың қозғалысына қатысты қолданылуы мүмкін шараларға тоқталсақ.

Заңда көрсетілгендей, ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы «электр самокат» деп танылады. Олардың қозғалысы үшін де тиісті орындар айқындалады. Сондай-ақ олардың жүргізушілеріне тиісті шектеулер қойылады.

Шарттар мен ережелерді сақтай отырып:

- электр самокаттардың жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен қозғалуына рұқсат етіледі;

- жүргізуші 18 жасқа толған болуы тиіс;

- көлік құралын басқаруға құқық беретін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт;

- шлем кию міндетті.

- қараңғы уақытта қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін жарық түсіретін белгілер орнатылуы қажет.

- тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру шарт;

Ережені бұзған электр самокат жүргізушілеріне Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне және Жол қозағалысы ережелеріне сай жаза қолданылады. Яғни, талаптарды елемегендердің самокаты айып тұрағына да қойылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, басқа құзыретті органда тіркелген көлік құралдарының «Жол қозғалысы туралы» Заңда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтатуының негіздерін белгілейтін түзетулер енгізілді.

Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындау саласында мемлекеттік монополия енгізілмек. Бұл қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығы ҚР ІІМ жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беріледі.