$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Жастар» театры жыл басынан 100-ден астам қойылым ұсынған

AstanaTV
28.07.2023ж. 14:10
775
«Жастар» театры жыл басынан 100-ден астам қойылым ұсынған

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» түрлі байқауларда 14 Гран-при жеңіп алған.

«Жастар театры» Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы 5 шілдеде құрылды. Өнер ұжымы 16 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 14 Гран-при жүлдесін иеленді», - деді «Жастар театры» МКҚК басшысының орынбасары Ерболат Елубай Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Бүгінде театр репертуарында 50-ден астам спектакль бар. Актерлердің 99 пайызы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері.

Сонымен қатар мекеме жанында «Қанаттылар» инклюзивті театры жұмыс істейді. Инклюзивті театр физиологиялық ерекшелігі бар адамдардың талантын шыңдауға зор мүмкіндік жасап отыр.

Ерболат Елубайдың айтуынша, театр ұжымы Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі ХІІ Халықаралық мюзикл фестиваліне «Жібек» мюзиклімен қатысты. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен қатар өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе болған.

Биылғы жарты жылдықта театр 77 спектакль қойып, 140-тан астам іс-шара өткізді. Оның ішінде 100-ден астам қойылым бар. Өнер ордасының қойылымдарын 32 мыңнан астам көрермен тамашалаған.