Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Оралдық 33 жастағы ер адам шетелге өз бүйрегін сатпақ болған

AstanaTV
01.08.2023ж. 08:26
680
Оралдық 33 жастағы ер адам шетелге өз бүйрегін сатпақ болған

Оралдық 33 жастағы ер адам шетелге өз бүйрегін сатпақ болған. Ол отаны Кения Республикасында жасатуға келіскен, - деп хабарлайды polisia.kz сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, 1990 жылғы А. есімді Орал тұрғыны (отбасылы, вахталық әдіспен жұмыс істейді) қаржы тапшылығынан өз бүйрегін сатпақ болған.

Биылғы мамыр айында ер адам халықаралық интернет-сайтта ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға арналған "бүйрек" органын сату туралы хабарландыру жариялаған. Оған Telegram-канал арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шыққан, кейін ортақ мәмілеге келіп, құны 20 000 АҚШ доллары болатын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен. 2 ай бойы 1990 жылғы А есімді азамат медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электрон виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.

30 шілде күні полиция қызметкерлері 1990 жылғы А. есімді азаматты Алматыдағы әуежайдан ұстады. Одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Оралға жеткізіліп, ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабы 1-бөлігіне ("Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою") сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады және трансплантацияны тек туысының өтеусіз қайырымдылығы немесе қайтыс болған адамның туыстарының келісімімен ғана жасалады.