Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жамбасы сынған: Астанада ер адам оқыс оқиғадан қаза болды

AstanaTV
01.08.2023ж. 17:55
965
Жамбасы сынған: Астанада ер адам оқыс оқиғадан қаза болды

Астанада ер адам оқыс оқиғадан қаза болды. Ол парашютпен секіріп, жерге дұрыс қонбағаннан жамбасы сынып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Оқиға туралы Желіде жәбірленушінің келіні хабарлағаны айтылған. Ұйымдастырушы компанияның Instagram-парақшасында пікір қалдырған қолданушылардың бірі оқиғаның рас-өтірігін білу үшін сұрақ қойған.

"Кеше сіздерде ер адам мерт болғаны рас па? Екі жері, жамбасы сынған. Ол түнде ауруханада қайтыс болыпты. Бұл туралы оның келіні әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, сіздерде қауіпсіздік техникасы, кезекші дәрігерлер жоқ екен", - деп сұрақ қойған оқырман.

Бұған қатысты ұйымдастырушылардың өзі жауап берді. Олар мұндай оқиғаның болғанын растады.

"Кеше, расында да, дұрыс қонбағаннан ер адам жамбасын сындырып алды. Аэродромда болғанда ол есін білетін. Жедел жәрдем көлігі алып кетті. Әрі қарай дәрігерлердің қолында болды. Өкінішке орай, бізбен ешкім хабарласпады және біз мұны қазір әлеуметтік желідегі адамдардан естіп жатырмыз", - делінген қолданушы пікіріне қалдырылған жауапта.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аэродромда шынымен кезекші дәрігерлер жоқ екен. 

"Біздің нұсқаушылар көп жылдық тәжірибесі бар білікті, нұсқаулық өте егжей-тегжейлі жүргізіледі, қауіпсіздік ережелерінің барлық нюанстары айтылады. Бізде шынымен де кезекші дәрігерлер жоқ, бірақ алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажеттінің бәрі бар, қажет болған жағдайда оны көрсетеміз. Жамбас сүйегі сынған жағдайда қолымыздан келетіні адамды қозғалыссыз қалдырып, жедел жәрдемді күту ғана болды", - дейді ұйымдастырушылар.

Бұл ақпаратты ҚазАқпарат тілшісіне елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі де растаған.

"31 шілдеде Алматы ауданы ПБ кезекші бөліміне көпсалалы қалалық ауруханадан науқастың жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны туралы ақпарат келіп түсті. 58 жастағы ер адамды Астана-Көкшетау тасжолының бойында орналасқан парашют клубынан жедел жәрдем көлігі ауыр жарақаттармен аурухананың жансақтау бөліміне жеткізгені анықталды", - деп хабарлады ведомство.

Астана ПД мәліметінше, дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жұмыстары басталып, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.