$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысында суға кеткен баланың денесі табылды

AstanaTV
05.08.2023ж. 11:46
1001
Алматы облысында суға кеткен баланың денесі табылды

Алматы облысында суға кеткен баланың денесі табылды. Марқұмның туыстары қауіпті арнаның ашық жатқанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, ағысы қатты үлкен арнаны басып өтетін ауылға қаршадай бала қонаққа келген екен.

Ойда жоқта опат болған ойын баласы үй маңындағы арыққа ағып кеткен екен. Куәгерлер көре сала қуып жетпек болған, алайда ағыс оған бой бермепті.

"Қайтыс болған баланың ағасы боламын. Қонаққа келгеніне 30 минут болды. Балалар ойнап кеткен. Каналдың беті ашық. Ойнап жүріп суға түскен аяқ киімін алмақ болып, өзі құлап кетіпті. Негізі канал жабық болуы керек қой, жабылмаған", - деді марқұмның туысы Жиенғали Аманбаев.

Қара жамылған отбасының қайғысына ортақтаса келген ауыл адамдары ашық жатқан арықтан күнде өтетінін айтады. "Адам түгілі, түйені де ағызып әкетер судың ағысы тым адуынды" деп отыр.

"Қайғылы жағдай болып жатыр. №51 мектеп көрші ауылда, балалар сонда қатынап оқиды. Мына қылкөпірден күніне 2-3 мың бала өте ме, толық санын білмеймін. Әрқайсымыз баламызды уайымдап келіп отырмыз", – деді Жомарт саяжайының тұрғыны Жарбол Қосаманов.

Жергілікті жұрттың әлгі арықтан өтуден өзге амалы жоқ. Себебі саяжайда мектеп жоқ. Сондықтан осы кәріз құбырының қалдығы ағатын арнадан аттап, көрші елдімекенге барады.

Ал Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі, ауыл адамдарына арнап осы көпірді салдық деп отыр. Әйтпесе көрші ауылға қатынау қиын болған. Оның айтуынша, бір жыл бұрын саяжайлықтармен келісіп өткелді орнатқан. Ал баланы ағызып әкеткен арықтың құрылысына жауап бере алмайтынын айтты.

"Қазір қоршайды деп айта алмаймын. Егер біздің теңгерімде болса, нақты жауап берем ем. Ұзындығы - 8 шақырым. Балалардың қауіпсіздігін ойлайық, шет-шетін жабайық деп қанша адам жүрді", – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.

Адам ағызады деген арна басына ауыл тұрғындары бүгін тағы жиналды. Ондағы талап - жауапты мамандардан жауап алу еді. Алайда көпшілік алдына кешігіп келген мекеме өкілі елдің талабын орындай алмайтынын айтты.

"Алматының кәріз суларын биологиялық тазалаудан өткеннен кейін, "Алматы су" егістікке су береміз. Бұл 2016 жылы қайта жаңарып салынған канал. Біздің баланста тұрған 150 шақырым ауылдың ішінен өтеді. Ешқайсында бетін жабу қарастырылған жоқ. Оны жоба жасаушыларға айтыңыздар", - деді "Іле ирригация" су шаруашылығы МКҚК бас инженері Ербол Нүкен.

Үш мыңнан аса халқы бар саяжай тұрғындары "арық арнасын тоқтату керек" деп тарқасты. Олай болмаған жағдайда соттасуға дайын. Ал аталған арық желілеріне жауаптымыз деген сала маманы халықпен тағы бір жиын жасайтынын жеткізді. Бірақ су арнасының қоршалу-қоршалмауы әлі белгісіз.