Өте жылы мұхиттар көміртекті аз сіңіреді. Сонымен қатар, жоғары температураға байланысты теңіз деңгейі тез көтеріліп, балықтар салқын жерлерге ауысады, бұл өз кезегінде тамақтану тізбегін бұзады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы осы аптада рекордтық ең жоғары көрсеткішке жетті - 20,96°C, деп хабарлайды «Коперник» климаттық өзгерістер қызметі.
Бұл 2016 жылы орнатылған 20,95°C рекордты жаңартты және ғалымдардың айтуынша, бұл рекорд та жаңаруы мүмкін, өйткені максималды температура әдетте тамызда емес, наурызда болады.
Өткен аптада Жерорта теңізінің бетінде ең жоғары температура тіркелді — 28,71°C. Флорида-Кис архипелагындағы судың температурасы ыстық ваннадағы температураға ұқсас болды: ол 38°C-тан асып, әлемдік рекордты жаңартқан болуы мүмкін.
Өткен жұмада Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеу орталығы (NOAA) Солтүстік Атлантикадағы су температурасы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін деп хабарлады. Ол әдеттегіден әлдеқайда ерте жылыған: алдыңғы рекордтар қыркүйекте орнатылған.
Сарапшылар бұның салдары планетаға үлкен апаттар әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
«Біз қазба отындарын қаншалықты көп жақсақ, мұхиттар соғұрлым тез жылиды, демек жағдайды тұрақтандыруға және бұрынғы деңгейге оралуға көп уақыт кетеді», — деді Коперник орталығының қызметкері, доктор Саманта Бёрджесс BBC-ге берген сұхбатында.
Мұхиттардың ысуы теңіз фаунасына да әсер етеді: киттер мен кейбір балық түрлері суық суларға ығысады, бұл олардың қоректік тізбегін бұзады. Рекордтық жоғары температура маржандарға да қауіп төндіреді: Флорида жағалауындағы рифтер ыстықтан күңгірттенуі мүмкін.