$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Қазандықтан ақау шыққан: Ақтөбеде 200 пәтерлі екі көп қабатты үй ыстық сусыз қалды

AstanaTV
06.08.2023ж. 10:03
502
Қазандықтан ақау шыққан: Ақтөбеде 200 пәтерлі екі көп қабатты үй ыстық сусыз қалды

Ақтөбеде екі жүз пәтерлі екі көп қабатты үй ыстық сусыз қалды. Себебі тұрғын үйлерге жылу мен ыстық су беретін автономды қазандықтан ақау шыққан. Енді оны жөндеуге қыруар қаржы керек. Сенімгерлік басқаруға алған компания бас тартып отыр. Ал тұрғындар алдағы қыста жылусыз қаламыз ба деп қорқады.

Бұл 200 пәтерлі екі үй бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Сол кезде құрылған кондоминум екі үйді жылумен қамтитын автономды қазандықты өз иелігіне алады. Алайда дұрыс игере алмайды. Сосын үйді салған құрылыс компаниясына қарасты кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға береді. Содан бері үш жыл өтті. Енді бұл компания тұрғындар қызмет ақысын толық төлемейді, қарызы көп дегенді айтып жұмысты жалғастырудан бас тартып отыр. Қазір қазандық электр желісінен ажыратылған. Үйлерде ыстық су жоқ.

Тұрғындар бүгінгі күнге дейін қазандыққа ешқандай күтім жасалмағанын айтады. Оны жөндеп ретке келтіру үшін шамамен 30 млн теңгеден астам қаржы қажет екен. Ал бұған дейін қызмет еткен компания басшысы, жұмысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік жоқ дейді.

«Үш жыл өтті. Былтыр әкімдік бір рет бізге өтініш айтты тағы бір қыстан шығарып беріңіздер деп. Енді биыл өздеріңіз қараңыздар 2 миллион 400 ба халықтың қарызы бар, біріншіден. Екіншіден халықтың өздері келісімшартқа отырмайды. Біздің компания шығынға батып отырмыз бүгінгі таңда», - дейді басқарушы компанияның басшысы Рыскелді Такенов.

Билік өкілдері болса, мәселені екі үй тұрғындарынан құрылған пәтер иелері бірлестігі шешуі керек дейді. Себебі, заң жүзінде қазандықтың сол ұйымның балансында тұр.

«Енді қазіргі таңда осы үйде мүлікті меншік иелері бірлестігі құрылуына байланысты олар жылыту қазандығына энергия желісін қосу үшін қайта келісімшартқа отыруы қажет. Тұрғындарға айтылды да, сонымен қатар қазандықты апатты жағдайға әкелген жағдай болса олар сот арқылы ол компанияны сот жүктейді, олар қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізсін, қазандықты ауыстырылсын деген сияқты», - дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева.

Қазір екі үйге ыстық су мен жылу беретін қазандыққа қаладағы ірі коммуналдық кәсіпорын уақытша техникалық қызмет көрсетіп отыр. Мамандары мәселе толық шешілгенге дейін осында болады.