$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында жаппай төбелес кезінде қаза тапқан жасөспірімнің ата-анасы әділдік сұрайды

07.08.2023ж. 20:00
964
Алматы облысында жаппай төбелес кезінде қаза тапқан жасөспірімнің ата-анасы әділдік сұрайды

Алматы облысы Бәйдібек Би ауылында болған жастар арасындағы жаппай төбелестің бұл бейнежазбалары әлеуметтік желіде тарады. Оқиға салдарынан айдын күннің аманында бір жасөспірім қаза тапты. 17 жастағы Мәрлен үйдің екінші ұлы. Қалада колледжде білім алып жүрген ол жазғы демалыста үйіне келген-ді. Сол бір қайғылы түні өз бетімен шаруа істеп жүрген баланы кенеттен достары шақырады. Сөйтіп бозбала ойда жоқта дәл төбелестің үстінен түсіп, оққа ұшты.

Айдарбек ӨМІРБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Қайтыс болып кеткенін сол жердегі біреулер естіп, таныған да менің балам екенін, ініме звондады. Інім мені оятып, бала бірдеңеге ұрынып қалған сияқты дейді. Барсақ, қайтыс болып кеткен. Бытралы мылтық екен, он жамбасының бәріне 13 жерден бе тиген ғой. Айдын күннің аманында, бейбіт заманда оққа ұшырап отыр.

Жасөспірімге оқ атқан 20 жастағы азаматтың ата-анасы қаралы үйге көңіл айтуға келгенімен, артынан сес көрсетіп, балағаттап кеткен екен. Марқұмның әке-шешесі учаскелік полиция қызметкерлерінің әлі күнге дейін үйлеріне келіп, тергеу жүргізбегенін айтып шағымданды.

 Эльнора АЙДАРОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Ұйымдасқан топ олар, аяқ астынан болатын оқиға емес ол. Әдейі атылған оқ. Аяқ астынан мылтық алып шыққан бала ол ата алмайды. Мына істің жылы жабылып қалуына мүмкіндік бере алмаймын. Баратын жерге барамын.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 20-дан астам баланы анықтады. Оның 9-ы бүгінде аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Суық қару ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі болып шықты.

Ернар САЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған дерек ҚР ҚК 99 бабы, 9 тармағы, 2-ші бөлігі, 14 ші тармағы және ҚР ҚК 293 бабы, 3 тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Бүтін бір ауылдың екіге бөлінген жастарының арасында бұған дейін де текетерістер жиі болып тұрған екен. Тек жергілікті тәртіп сақшылары мұны жылы жауып қояды дейді. Ұлынан айрылып, қайғыдан қан жұтқан ата-ана бұл жолы ешкімге кешірім бермейміз деп отыр. Барлық кінәлілер әділ жазасын алса екен дейді.