$486.44 €534.31 ₽5.06
×

«Қарашығанақ» кенішіне байланысты «қытай ізі»...

AstanaTV
09.04.2016ж. 20:00
1990
«Қарашығанақ» кенішіне байланысты «қытай ізі»...

Осы аптада Батыс Қазақстан облысындағы «Қарашығанақ» кенішін басқаратын инвесторлар мен Қазақстан үкіметі арасында кикілжің бары белгілі болды. Инвесторлардың бірі ресейлік «Лукойл» компаниясының қаржылық есебі жарыққа шыққан, содан. Біздің үкімет  консорциумды «шығындарды өтеу нормаларын бұзған, өнімдерді бөлісу келісімінде есептерді дұрыс жүргізбеген»,- деп айыптап, концорциумнан 1,6 млрд доллар төлеуді талап етіп отыр. Еліміздің мұнай-газ саласындағы екі «жақұтының» бірі Қарашығанақ (екіншісі әрине,Теңіз), сондықтан бұл мәселені анықтау өте маңызды. Өкінішке қарай, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Астана» арнасының  осы мәселеге қатысты сауалына жауап бермеді. Апта ішінде АҚШ энергетика министрімен кездескен, кездесуден соң ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шыққан, сол кезде. Негізі мұнай мен газ конденсатын сатқаннан түскен түсім алдымен инвесторлардың өндірістік шығындарын жабуға жұмсалады. Содан қалған ақша үлескерлер арасында бөлінеді. Қазақстан үкіметінің есебінше, инвесторлар шығындарын әдейі көтермелеп қояды. 

Жарас Ахметов, экономист:

Инвесторлар да әппақ жүректі балалар емес ғой... Әйтсе де Қазақстан өзінің күдігін нақты есептермен дәлелдеуі керек. Егер дәлел болса, онда дұрыс. Дәлел болмаса, дұрыс емес... Менің ойымша шығындар әдейі көтермеленген. Бірақ ескертіп айтайын, мәселені детальді түрде білмеймін. 

 «Қазір айтылған дауды шешу үшін келіссөздер жүріп жатыр. Нәтиже консорциумның қаржылық жағдайына кесірін тигізбейді деп есептейміз»,- деген «Лукойл» компаниясы. 

Еліміздегі газдың 45-49 пайызына дейін, мұнайдың 18 пайызын беретін Қарашығанаққа қытайлар қызығып отырғанын өткен бағдарламада ғана айттық. Кейбір порталдар осы даудан қытайлардың «ізін» көреді.

Жарас Ахметов, экономист:

Домыслы. Предположения.

«Қытай ізін» көретіндер былай дейді: былтыр  «ЛУКОЙЛ»  қытайдың  «СИНОПЕК» компаниясына Қазақстандағы өндірістік активтерін түгел сатып жіберді. «Егер «ЛУКОЙЛ» Қазақстандағы бизнесін жапқысы келсе, «Қарашығанақтағы» үлесін де сатады. Ал уәкілетті орган яғни, Қазақстан үкіметінің 1,6 млрд-қ талабы сатылатын үлестің бағасын түсіруге ықпалдасады. Миллиардтаған доллар қарызы бар «ҚазМұнайГаз» ол үлесті сатып ала қоймас, әйтсе де  басқа біреу үшін –мүмкін. Мысалы, керемет кенішке қызығатынын онша жасырмайтын Қытай». «Қытай ізі» туралы айтатындардың арғы жағында «ЛУКОЙЛ»  компаниясы тұр ма деп ойлайсың – ресейлік компания «Қарашығанақтағы» үлесін шынымен  сатқысы келеді, потенциалды сатып алушы шынымен қытай, ал қазақтар қытайларға «сыйға – сый, сыраға- бал» қағидасы бойынша/қытайлардың құйып жатқан инвестициясы аз емес/, орыс компаниясының үлесін барынша түсіру үшін консорциумға 1,6 млрд долларлық талап қойып отыр. Осындай болжамды «ЛУКОЙЛ» әдейі таратқан сияқты – «баға түсірту» ойынына «жыны ұстап».

2010 жылы консорциумда кешенді аудит жүріп, инвесторларға «экологиялық заңдарды сақтамайсыңдар, мұнайды нормадан тыс өндіресіңдер және тиісті салықты түгел төлемейсіңдер» деген айыптар тағылған. Айыппұлдың орнына консорциум мүшелері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жобадан 5 пайыз үлес берген. Үкімет тағы 5 пайыз үлесті 1 млрд долларға сатып алған. Қазір еліміздің үлесі 10%. «ҚазМұнайГаз»-дан өзге, «Қарашығанақ» консорциумдарының мүшелері: 29,25 пайызбен италиялық«Эни», дәл сондай үлеспен «Шелл» компаниясына қарайтын британдық «Би Джи Груп», 18 пайызбен америкалық «Шеврон», 13,5 пайызбен ресейлік «Лукойл».