$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр

11.08.2023ж. 20:00
2028
Павлодарда былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр

Павлодарда Кенжекөл ауылындағы былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр. Бұған кәріз жүйесіндегі ақау себеп болған. Бұдан қауіптенген тұрғындар баспанамыз құлап қала ма - деп қорқып отыр. Көп балалы ана Алмагүл Балғынбаева бұл үйді мемлекеттік бағдарлама бойынша алған. Алайда, сапасына көңілі толмайды.

Алмагүл БАЛҒЫНБАЕВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Канализациямыз сасып жатыр. Суымыз фундаменттің астына кетіп барады. Стенкаларымыз тоқ соғады. Өзіміз мұнда тұруға қорқамыз рас айтқанда қабырғаларымыз құлап қалады деп қорқамыз.

Тұрғындардың айтуынша, үй өте сапасыз салынған. Қыста жылыту мүмкін емес. Есік терезеден аңыраған желден жаққан от далаға кетіпті.

Динара САЙДУАЛИЕВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдегі тоқтар өзінен өзі тұтанып жанып кете береді. Себебі, су өтеді. Өткенде жаңбыр жауған кезде анау тоқтың жүретін жерлерін су өтті. Терезенің алдынан күнде су деген ағып тұрады. Оны сығып аламыз күнделікті.

Мұрат КАПУОВ, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫ ТҰРҒЫНЫ:

9 ай болды мүлдем түк істемейді. Екі рет приемда болдым Иманзайыповта. Нақты маған сөз беріп, уайымдама бауырым бүкіл мәселелеріңді шешіп береміз. Түк орындалған жоқ. Түк істелінген жоқ.

Әкімдік мәселеден хабардар. Үйге қайта жөндеу жасау үшін тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгініпті.

АРМАН АСЫЛХАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Біз бұл үйлерге жөндеу жасау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартпақшымыз. Осы айда олар өз жұмыстарына кіріседі. Сарапшылар әр баспанаға қандай жөндеу жұмыстары қажеттігі туралы шешім шығарады. Ал нақты қашан жөндеу жасалатынын айта алмаймын.

Сапасыз баспананы әкімдіктің қалай қабылдап алғаны белгісіз. Белгілісі қос пәтерлі 22 үйдің құрылысына қазынадан 400 млн-ға жуық қаражат жұмсалған. Енді бұл үйлерді қайта қалпына келтіру үшін тағы да қомақты қаражат керек.


https://youtu.be/u1CqPH10xNQ