$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Екібастұз ГРЭС-і 3-энергоблогының индикативтік бағасы 1,2 млрд долларды құрайды

AstanaTV
28.10.2016ж. 20:00
2807
Екібастұз ГРЭС-і 3-энергоблогының индикативтік бағасы 1,2 млрд долларды құрайды

Екібастұз ГРЭС-і үшінші энергоблогының индикативті бағасы 1,2 млрд долларды құрайды. Бұл туралы "Астана" арнасы сауалына жауап берген «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері хабарлады. Бұған дейін аталған энергоблок құрылысы тоқтағанын айтқан едік. Солтүстік аймақта электр қуаты шамадан тыс көп болғандықтан, бағдарлама жүзеге аспай тұр. «Самұрық-Энерго» жауабында бұған экономикалық өсім қарқынының баяулағаны да әсер етті делінген.

Қазақстанның жобадағы бүгінгі шығыны 150 млн доллар. Үшінші блок қуаттылығы 636 МВт болуы тиіс. Екібастұз ГРЭС-нің кеңейту және қайта құру жобасын 2009 жылы Қазақстан Ресеймен бірлесіп қолға алған. Ал 2016 жылдың ақпанында жоба тоқтатылды. Сөйтіп үшінші блок құрылысы 2024 жылға шегерілгені белгілі болды. Екібастұз ГРЭС-2 мен ресейлік «Интер РАО» кәсіпорны арасындағы келісімге орай наурыздан бастап Ресейге қуат көзі жеткізілуде. 2016 жылғы экспорт көлемі 1,8 млрд кВт сағат. Бүгінге дейін 1,35 млрд кВт сағат электр энергиясы жөнелтілген. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ