Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Гавайидегі орман өртінен қаза тапқандар саны 101-ге жетті

AstanaTV
16.08.2023ж. 13:37
691
Гавайидегі орман өртінен қаза тапқандар саны 101-ге жетті

Гавайидегі Мауи аралындағы орман өртінен қаза тапқандар саны 101-ге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Билік бір күн бұрын 99 адам қайтыс болғанын хабарлаған еді. Мауи округінің шенеуніктері олардың туыстары хабардар етілгеннен кейін қаза болғандардың есімдері жарияланатынын жеткізді. Сейсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша іздеу жұмыстары аумақтың шамамен 32%-ын қамтыды. Губернатор қаза тапқандар саны айтарлықтай өсуі мүмкін екенін айтты.

Шенеуніктер қайтыс болғандардың көпшілігінің мәйіті Мауидің батысындағы Лахайна аймағында ашық жерлерде, көліктерде және суда табылғанын айтты. Іздестіру жұмыстарына адамдар мен арнайы үйретілген иттер қосылды.

"Қанша адамның із-түзсіз жоғалғаны белгісіз”, – дейді губернатор Джош Грин.

Гавайиге жабдықталған жылжымалы мәйітхана келді. Оның көмегімен өлгендердің сүйегін анықтауға және өңдеуге болады. Іздеу топтары өртенген үйлердің қирандыларын, коммерциялық ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді іздеп жатыр. Ұлттық өрттен қорғау қауымдастығының мәліметі бойынша, Мауидегі орман өрттері – АҚШ-тағы соңғы ғасырдағы ең үлкен апатты жағдай.