$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Оқушылар ауыр сөмкеден қашан құтылады?

17.08.2023ж. 20:00
1154
Оқушылар ауыр сөмкеден қашан құтылады?

Мектеп оқушыларының сөмкесі ауыр. Жылда ата-аналардан осындай шағым естиміз. Әсіресе, бастауыш сыныптағыларға қиын. Мектепке күнде арқалап баратын 4-5 кітаптың өзі бұғанасы қатпаған баланың омыртқасына оңай соқпасы анық. Кейде ауыр кітапты көтергенде қаршадай бала тұрмақ, ересек адамның белі бүгіледі. Мұны өткен жылы Президент те айтып еді. Содан бері не өзгерді? Жылда көтерілсе де, шешімі табылмай келе жатқан мәселе туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Санитарлық талаптарға сәйкес 1-3 сынып аралығындағы оқушылардың сөмкесінің салмағы 2 келіден аспауы тиіс. Менің алдым да қазір бірнеше кітап жатыр. Бұлар 1-сыныптыкі. Бір күнде, шамамен, 4-5 сабақ болса, қанша келі болады? Өлшеп көрейік.

Ерасыл қазір жаңа оқу жылына дайындалып жүр. Ол үшін сапалы сөмке табу өте маңызды. Өйткені, сонымен күнде 3-4 келіні арқалап мектепке барады. Кейде арқам ауырады – дейді.

Ерасыл СЕРІК, ОҚУШЫ:

Кейбір кездерде арқам ауырады. Ауыр болғаннан кейін. Кейбір кездерде класстастармен келісеміз. Мен екі кітапты алмаймын, ол осы кітапты алады. Солай келісіп отырамыз. Қазір сабақ көп болғаннан, мысалы, бір күнге жеті сабақ болуы мүмкін.

Расымен, қазір Ерасыл секілді оқушылардың арқалаған жүгі көп. Сондықтан біраз ата-ана баласын мектепке өздері апарып-әкеледі. Тұрғындар сөмке арқалау бұғанасы қатпаған бала түгілі, буыны толықсыған үлкен адамның өзіне ауыр - дейді.

БЛИЦ-ОПРОС:

 - Сумканы бала деген көтере алмайды. Ол баланың даже омыртқасына зиян болуы да мүмкін. Баяғы біздің кезіміздей кішкентай кітап жоқ. Кітаптардың бәрі үлкен.
- Баяғыда үш кітаппен баратынбыз. Қазір көп. 15 шығар.
- Сумкалары жыртылып қалады. Жылына екі сумка алу керек.
- Көп кітап сумкасына сыймайды. Сосын пакет тасиды. Қазір медосмотр бәрінен өтеміз. Мына жерінде сколиоз деген сол сумкадан.

Денсаулық сақтау министрлігінің ережесіне сай күн сайынғы оқулықтардың жиынтық салмағы 1-3 сынып оқушылары үшін – 1,5-2 келіден, 4-5 сынып білім алушылары үшін – 2,5 келіден, 6 мен 7 сыныпта– 3-3,5 келіден, ал 8-сыныптан жоғары 4-4,5 келіден аспауы қажет.

Алмас СҮЙІНДІКОВ, БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІ:

Егер сөмкесі ауыр болса, омыртқа бағанасының дұрыс дамуымауы, дұрыс жетілмеуі және қисаюы сияқты әртүрлі аурулар тууы мүмкін. Егер, мысалы, омыртқа бағанасының өзі оң немесе сол жаққа қарай қисаюы, алға немесе артқа қисаю болуы мүмкін.

Президент ауыр сөмкенің орнын алмастыруды тапсырды. Содан бері Оқу-ағарту министрлігі қандай жұмыс атқарды? Ведомство өкілдерінің сөзінше, оқулықтардың электронды нұсқасын жасау 2 жыл бұрын басталып кеткен. Қазір жоғарғы сынып 60, ал бастауыш сынып кітаптарының 85% цифрландырылыпты. Бірақ, іске келгенде мұны байқамаймыз. Хош делік. Ауыр сөмкенің жырын былай қойғанда, ыңғайсыз парта мен жайсыз орындық та балаларды ауруға шалдықтырады.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҒУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Министрлік енді құрылыспен айналысқанын қалайсыздар ма? Біз құрылыспен айналыссақ бала тәрбиесімен кім айналысады? Бұл міндетті атқаратын арнайы мекемелер бар. Біз біліммен айналысамыз.

Көргендеріңіздей, сапасыз мектептер мәселесіне министрлік осылай жауап берді. «Біз біліммен айналысамыз» дейді. Сонда бала қауіпсіздігіне кім жауап береді? Сөйтсек, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жыл сайын мектептердегі жиһаздарды тексереді екен. Өткен жылы 400 мектеп орындығы мен партасының талапқа сай келмейтіні анықталыпты.

Қуаныш ИГІМАН, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Оқу процессінің тиімділігі үшін мектеп жиһазы қауіпсіз, көп функционалды, яғни, мобильді болу керек. Яғни, бала отырған кезде ол оның ешқандай қимыл-қозғалысына кедергі келтірмеу керек. Тексеріс өтіп жатады. Тексеріс нәтижесінде анықталған бұзушылықтар болса, оны жою туралы ұсынымдар беріледі біздің мамандар тарапынан.

Былтыр медициналық тексеру нәтижесінде 3 миллионнан астам оқушының сколиозбен ауыратыны анықталған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп.