Бүгін
Астананы жағымсыз иіс жайлады. Бұл әсіресе Елорданың сол жағалауында қатты
сезілді. Арнамызға хабарласқан тұрғындар кәріз суларының иісіне шағымданып
отыр. Көктем келісімен жағымсыз иіс күн санап күшейе бастады, осының кесірінен
еркін тыныстаудан қалдық, дейді халық.
Жағымсыз иіс, шынын айтса, қолқаны қабады өте.
Қазір өтіп бара жатқанның өзінде, қаншама иіс шығады,
әсіресе баламен жүргенде қиын.
Бүгін Астанаға бірінші рет келіп тұрмын, бірақ иісті сезіп тұрмын.
Денсаулыққа зиян, жағымсыз иістен басымыз
ауырады.
Астанада
мұндай күлімсі иістің пайда болуына ауа құрамындағы химиялық қоспалар әсер етті
ме деген күдікпен құзырлы органдарға хабарластық. Анықталғандай, еліміз бойынша
атмосфераның жай-күйіне мониторинг жасайтын 146 стационарлық бекет бар екен.
Оның жетеуі Елордада орналасқан. Арнайы бекеттер 5 минут сайын ауаның құрамын
зерттеп отырады. Мамандар жағдай қалыпты деп отыр.
Айжан
Уайханова, «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг департаментінің жетекші
инженері:
Қазіргі
таңда стационарлық бекеттердің дерегі бойынша Астана қаласының атмосфералық
ауасы қалқыма заттар және азот диоксидімен басым ластанған. Ауаның ластануына
жылу энергетикалық орталықтар себепші болады. Жалпы Қазақстан бойынша ең
ластанған қалалардың ішінде ол Алматы, Астана және Түркістан қалалары болып
табылады.
Ал экологтардың ойынша, жағымсыз иістің шығуына екі себеп бар. Бірі - оң жағалаудағы жылу электр стансасынан шығатын көмірқышқыл газы, ал екіншісі - Астананың сол
жағалауындағы кәріз қалдығының қоймасы Талды көлінен шығады екен.
Мұсағали
Дуамбеков, Халықаралық экология
академиясының президенті:
Бұл
қалалық кәріз жүйесінің қоймасынан шыққан жағымсыз иіс. Ондағы қалдықтардың
қалыңдығы екі метрге жеткен. ЭКСПО-ның қарсаңында тұрмыз, қолқаны қабатын иіс
шығаратын бұл көлді құрту керек. Ал жылу электр стансасын көмір емес, газға
көшіру қажет.
Берік ХАСЕНОВ