$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жаңа оқу жылында Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады - министр

AstanaTV
25.08.2023ж. 12:46
1515
Жаңа оқу жылында Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады - министр

Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Бұл туралы елордада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде аталған министрліктің басшысы Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орта білім беру мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасып келеді. Осы жылы оқулықтардың 80 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Алғаш рет ауыл мектептері мен шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстарын бастадық. Бұл жоба пилоттық режимде Ақтөбе облысында жүзеге асырыла бастады. Оның мақсаты - инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту», - деді Ғ. Бейсембаев.

Оның айтуынша, оқушылардың әлеуетін дамыту үшін былтыр заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді.

«Мәселен, өткен оқу жылында қазақстандық оқушылар 312 медаль (43 алтын, 95 күміс және 174 қола) жеңіп алды. 27 жеңімпаз және 26 педагог 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы алды. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына ерекше назар аударылып отыр. Қазір 421 оқушыға «Білім-инновация лицейінде», «Дарын», Республикалық физика-математика мектептерінде оқуға мүмкіндік берілді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, биылдан бастап тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөлінбек. Осыған байланысты, жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Олардың басты басымдықтары – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.

«Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталды. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Біз оқу сауаттылығының рөлін күшейтуге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. Қазір білім беру ұйымдарындағы көркем әдебиет қоры 3,7 млн данаға ұлғайды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл жоба ұлттық құндылықтар негізінде балаларды тәрбиелеуге және жалпы кітапқа деген қызығушылықты оятуға бағытталған», - деді Ғани Бейсембаев.