Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Астанада тамыз кеңесінің пленарлық отырысында "Жайлы мектеп" жобасы талқыланды

25.08.2023ж. 20:00
733
Астанада тамыз кеңесінің пленарлық отырысында "Жайлы мектеп" жобасы талқыланды

Қазір Астанада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 11-і жаңа оқу жылында ашылады. Сондай-ақ, бас қалада үш жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салу жоспарланған. Бесеуінің құрылысы осы күзде басталады. Бұл туралы Астанада «Әділетті Қазақстан: Адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атаумен өткен Тамыз кеңесінде айтылды. «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша пленарлық отырысқа 11 мыңға жуық мұғалім қатысты. Олар білім беру саласындағы басты үрдістер мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады.

Елордада мектеп тапшылығы мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазір 16 600 орынға арналған 11 мектеп салынып жатыр. Мұнымен қатар "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында тағы 24 білім ошағы ашылады деп көзделген. Олардың құрылысы 2 жылдың ішінде аяқталуы тиіс.

Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қалада 26 мың оқушыға орын жетпейді. 8 мектеп 3 ауысымда оқиды. 18 мектепте оқушылар шамадан тыс білім алады. Сол үшін «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жаңа нысандарды салатын боламыз.

Қазақстан бойынша "Жайлы мектеп" жобасы аясында алдағы екі жылдың ішінде тағы 740 мың білім алушыға арналған 369 нысан салу көзделген. Бұл білім ошақтары ауыл, қала деп бөлмей бірыңғай стандартпен салынады. Бастауыш және 5-11 сынып оқушылары оқитын ғимараттар бөлек-бөлек блоктан тұрады. Спорт залдар да дәл осындай шартпен орналасады.

Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионға өсіп, биылғы жылы 3,9 миллионға жетті. Егер 2020 жылдан бері тиісті шара қабылдамағанда 2027 жылға қарай оқушы орнына тапшылық 1,2 миллионға жуықтайтын болады. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін 2020 жылдан бастап мектеп құрылысына ерекше назар аударылып келеді.

Қазір Астанада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 11-і жаңа оқу жылының соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, бас қалада үш жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салу жоспарланған, оның бесеуі алдағы екі жылда салынады.

Жабыра ШАБДЕН, МҰҒАЛІМ:

Республикалық тамыз кеңесінен өзіме алғаным өте көп. Ол кешеден бері жалғасып жатыр. Яғни біз тамыз конференциясында жайлы мектептердің қалай болатындығын, басшылардың қалай сайланатындығын және үлгерімі төмен оқушылармен қалай жұмыс жасау керегін, тек қана балаларға ғана жайлы емес, мұғалімдерге де жайлы орта құрудың жобаларын түсіндіріп өтті.

Дәстүрлі түрде өтетін Тамыз кеңесінде мұғалімдер өткен жылды қорытындылап, жаңа оқу жылына деген дайындықты пысықтады. Биыл бұл іс-шара ерекшелікке толы болды - дейді қатысушылар.