$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Аппақ келін» менің бағымды жаққан сериал болды»: жас әнші Сұлтанғали Шерханмен сыр-сұхбат

AstanaTV
25.08.2023ж. 14:04
1388
«Аппақ келін» менің бағымды жаққан сериал болды»: жас әнші Сұлтанғали Шерханмен сыр-сұхбат

Сұлтанғали Шерхан - қазақ шоу-бизнесіндегі жаңа есім. Шығармашылығын енді ғана бастап келе жатқан жас әнші аз уақыт ішінде талай тыңдарманның жүрегін жаулап үлгерді, деп жазды  ERNUR.KZ.

- Сұлтанғали, алдымен біздің оқырмандарға өзіңді таныстырып өтсең, қай ауылдың баласысың? - Мен Шымкенттің тумасымын, қала іргесіндегі Жұлдыз елді мекенінде 2000-жылы дүниеге келгем. Төрт ағайындымыз, ата-анам екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Мектепті тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, кейін Шымкент қалалық Саз колледжінің дәстүрлі ән факультетіне оқуға түстім. Өнерге осылай келдік.

- Қателеспесем, туған әпкең Әйгерім де әнші, музыка мектебінде дәріс беретінін білеміз. Жалпы, әншілік дарын, қабілет қайдан келген? Отбасыңда өздеріңнен басқа өнер қуған адам бар ма? - Өнер бізге әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыды десем, артық болмайды. Шерхан атамыз өз заманында ауыл-аймаққа белгілі, өлең шығарып, ән айтып, кітап жазған. Ата-анам да өнерден алыс емес, нәшіне келтіріп тұрып айтады. Бірақ басқа саланы таңдап, өнерге ден қоймаған. Сондықтан шығар, біз жете алмаған жетістікке ұл-қызымыз жетсін деген арманмен бізді кішкентайымыздан түрлі үйірмелерге қатыстырып, баулып өсірді. Бауырларымның бәрі ән айтады. Тек үлкен әпкем ғана басқа саланы таңдады, қалғандарымыз музыкалық білім алып, осы салада жүрміз.

- Сұлтанғали, «Аппақ келін» деген веб-сериалдың саундтрегін өзің орындадың. Бұл ұсыныс қайдан келді, әнді өзің жазып шықтың ба?

- «Аппақ келін» деген сериал рейтингісі жоғары веб-сериалдардың бірі болды ғой. Ютуб желісі арқылы қалың көрерменге жол тартып, ерекше бағасын алды. Оның бірінші маусымын өзім де қызыға тамашаладым. Бірақ ол кезде осы сериалдың саундтрегін мен орындаймын деген ой болмады. Өзім енді шығып келе жатқан жас әншімін, әндерімді жаңадан жазып жатқан кезім ғой. Сәндібек Ботабаев деген маңғыстаулық мықты сазгермен шығармашылық байланыс орнатып, бір-екі әнін айтып жүргем. Арада бір жылдай уақыт өткенде халықтың сұрауы бойынша «Аппақ келіннің» екінші маусымы түсірілетін боп, Сәндібекке саундтрегін жазуға ұсыныс түсіпті. Сазгер лезде әнді жазып, оған құйыла кеткен сөзі шығып, «енді бұны кімге айтқызамыз» деген сұрақ туғанда, Сәндібек мені айтыпты. «Жастарға да мүмкіндік берейік, менің әнімді орындап жүрген жақсы әнші бар» деп сыртымнан мақтаған сыңайлы. Осылайша бағым жанып, менің даусым көпшілікке тарап кетті.

- Репертуарыңа қарап отырсақ, көбі той әуендеріне икемделіп жазылған екен. Ойнақы, көңілді. Басқа стиль, басқа бағытты таңдау ойда жоқ па?

- Тойға шығам, ақша табам, тек той әндерін жазамын деген мақсат болған жоқ. Өмірде көңілді адаммын, көңілді әндер қатты ұнайды. Табиғатына тура келетін шығарманы орындамасаң, ол кейін көпшілікке жетпей қалатын сияқты. Бірақ енді-енді, өзіңіз айтпақшы, баяу әндерді репертуарыма қосып, өзімді олай да байқап көрмекшімін.

- Сен үлкен сахнаға енді ғана шығып келе жатқан әншісің, жассың. Алдыңдағы аға буынға еліктейтін шығарсың. Дегенмен кей ағаларыңның заңды бұзып, тәртіпке бағынбай, елді шулатып жатқанына қалай қарайсың?

- Олар жөнінде ештеңе айта алмаймын. Әркімнің өз өмірі, өз жолы, таңдаған бағыты бар. Бірақ әншілер өздерін көтеретін де, түсіретін де халық екенін ұмытпауы тиіс. Әділ бағасын көпшілік береді, беріп те жүр ғой.

-Әңгімеңе рахмет, шығармашылық табыс тілейміз.