$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда сел қауіпі жоғары 195 учаске бар

28.08.2023ж. 20:00
974
Алматыда сел қауіпі жоғары 195 учаске бар

Шымкентте толассыз жауған бұршақ аралас жауын тұрғындарды әбігерге салды. Алматыда сел қаупі жоғары. Бас қалада да сәл жауын жауса, көше көлге айналады. Ауа райы құбылып тұр. Алдағы үш күнде еліміздің барлық аймағында күн күркіреп, жауын-шашын болады деп болжануда. Оған қаншалықты дайынбыз? Тілшілеріміз тарқатады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Алматыда кеше түнінен бері толассыз жаңбыр жауды. Түс ауа тоқтады. Аспан әлі бұлтты. Таңнан бері төтеншеліктер 5 рет ескерту хабарласамын жіберді. Тағы да жауын-шашын болады деген болжам бар. Дәл осындай мезетте таудың етегінде орналасқан аймақтар үшін қауіпті. Біз тұрған үлкен Алматы бөгеті кеше жаңбыр суынан ернеуіне келген. Бұл қаладағы сел қауіпі жоғары 4 өзеннің бірі.

Қазселденқорғау мекемесінің мамандарының ақпаратына сәйкес, Алматыда сел қауіпі жоғары 195 учаске болса, сырғыма бойынша 144 аймақ тіркелген. Осы учаскелерде тәулігіне 3 мәрте су деңгейі өлшенеді. Сонымен қатар, инженерлік-техникалық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады. Тұрғындарға ескерту жасайды.

Әлішер ТОҚТАСЫН, «ҚАЗСЕЛДЕН ҚОРҒАУ» ММ ҚАЛА БОЙЫНША ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Осы Кіші Алматы өзен алабында сел қауіптілігі туындауы мүмкін 2000-ға жуық обьект және 4500-ға жуық жұмыскерлер сондағы және тұрғындар бар, осыларға қауіпін тигізуі мүмкін. Үлкен Алматы бойынша 2000-ға жуық осындай нысандар, мысалы демалыс орындары бар, үй, жекежайлар бар. Және 12 мыңға жуық адам осы өзеннің бойында орналасқан. Бізде енді нақты оларды бұзу керек, алу керек деген құзырет жоқ. Біз тек ұсыным ретінде береміз.

Нөсер жауын басталған бетте мегаполисте қозғалыс тоқтап қалады. Өткен аптаның өзінде бір айда жауатын жауын шашын мөлшері бір күннің ішінде жауып, қаланың әсіресе «төменгі» аудандар судың астында қалды. Суағар, арық қарастырылған. Бірақ жауынның мөлшері көп болғандықтан жолды да су шайып кетуде.

Мақсат ҚАБІДЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

2022 жылы аудан әкімшілігі және ЧС-пен бірге бақылау жұмыстарын жүргізген болатынбыз, ол кезде 102 учаске анықталған болатын. ЧС-тің арқасында біз 56 жиі су басатын учаскені жойдық. Жою үшін жаңадан коллекторлар, каналдар салған болатынбыз. Одан басқа басқармамен 376 км арық желілерін салу және қайта жаңғырьу жұмыстары жүріп жатыр.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Алдынғы аптада да мегаполисте жауын жауды, Бірнеше көшені су басты. Тіпті ағаштар құлап, көліктерді зақымдаған болатын. Жауын жауса Астана да венецияға айналып шығады. Автобустардың іші суға толып, қызмет көрсеткенін ел біледі. Бүгін де елорда да жаңбыр жауып тұр. 

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Астанада жаңбыр жауса көшелер суға толады. Жаяу жүргіншілер түгілі көлік қозғалысы қиындайды. Кейбір көшеде суағар қарастырылмаған. Болса да бітеліп қалған. Сондықтан көшелер лезде көлге айналады.

Ассенизаторлық машиналар мен мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Көшеде халық та әдеттегіден көп емес. Тек шаруасы барлар жүр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Постоянно арықтар толып кетеді суға. Постоянно балалар далаға шығып ойнайын десе бүкіл жер батпақ. Су-су боп кешіп келеді.
- Суағар жүйелері бітеліп қалады. Содан көшелер көл болады. Ондай кезде жаяу жүру қиынның қиыны.
- Толассыз жаңбырға ешкімнің әлі келер емес.

Шымкентте де толассыз жауған бұршақ аралас жауын тұрғындарды әбігерге салды. Көлемі моншақтың үлкендігіндей болған бұршақтан шым қалалықтар сауда үйлері мен ғимараттарға кіріп, қорғануға мәжбүр болды. Табиғат құбылысынан базарларға зақым келді. Тобықтан келетін тасқын судан сатушылардың біраз заты жарамай қалды. Ауа райын болжаушылар барлық өңірде жауын-шашын болатынын болжап отыр.

«ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ:

Алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Найзағай ойнап, қатты жел соғып, бұршақ аралас жаңбыр жауады. Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, ауа температурасы біртіндеп төмендеуі болжанады.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Бірер күнде күз келеді. Енді жаңбыр жиі жауады. Көшенің көлге айналуы мегаполистердің ғана мәселесі емес. Көп қалада қалыптасқан көріністей.