$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Алғаш рет Фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз", - Е.Қошанов.

AstanaTV
31.08.2023ж. 12:23
1477
«Алғаш рет Фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз", - Е.Қошанов.

Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы басталды.

Партиялықтар Мемлекет басшысы Жолдауының жүзеге асырылу барысы туралы Үкімет ұсынған мәліметті тыңдады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасауда. Соның дәлелі – көп партиялы Мәжіліс жасақталды. Әр түрлі көзқарастағы азаматтар депутат мандатын алды. Тағы бір көрінісі – Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды», - деді Ерлан Қошанов.

Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы жаңа саяси маусымның қарсаңында «AMANAT» партиясы тағы бір дәстүрді бастағалы отырғанын мәлімдеді.

«Алғаш рет Фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде Фракция отырысына Үкімет басшысын арнайы шақырып отырмыз», - деді Қошанов.

Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысуда.

Ол өз сөзінде депутаттарды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларының орындалу барысы туралы хабардар етеді.

«Барлық бағдарламалық құжаттар халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.