$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Қазақстан қоғамды демократияландыруға көптеген қадамдар жасады ", - К. Шандерлейн

31.08.2023ж. 20:00
1227
"Қазақстан қоғамды демократияландыруға көптеген қадамдар жасады ", - К. Шандерлейн

Елден заңсыз шығарылған 837 миллиард теңге қайтарылды. Құзырлылардың сөзінше, активтердің басым бөлігі Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген. Шетелге кеткен қыруар қаржыларды қайтару шаралары қалай жүзеге асуда? Президенттің үкіметке жүктеген өзге тапсырмалары бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатып айтады.

Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

 Президент бір ай бұрын "заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойды. Құзырлылар қазына қаражатын қолды қылып, шетел асырғандарды анықтап, ақшаны кері қайтаруда.

 Заңсыз активтер тек қаражат түрінде тәркіленбейді. Жылжымайтын мүлік немесе бағалы заттармен де өлшенеді. Сондықтан құзырлылар қазір жан-жақты зерттеу жұмыстарына кіріскен. Тізімге іліккендер қомақты суммаларын қайдан, қалай тапқаны туралы есеп береді. Жақ жаңылып, тұяқ сүрінер болса, жаза арқалайды. Ал өз еріктерімен берілгендер қудаланбайды.

Зейін ӘЛІПБЕК, АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ БОЙЫНША ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Активтерді қайтару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр қазірдің өзінде. Мысалы мына активтердің шығу тегіне байланысты зерттеулер жүргізіледі арнайы. Егер заңсыз шешімдер қабылданған болса оған байланысты қарсы талап арыздар беріледі. Бүгінге дейін өздеріңізге белгілі біршама заңсыз шығарылған сот шешімдері бар, үкіметтік шешімдер бар. Оларға байланысты олардың күшін жою туралы Бас прокуратураның талап-арыздары қанағаттандырылғаны белгілі.

Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа байланысты арнайы қор құрылып, түскен суммаға мектеп салуды Президент тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек.

Қорға өткен жылдың желтоқсан айынан бері 151,6 млрд теңге түскен.

Әлижан ОМАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Жемқорлықтан түскен қаражатқа 62 мектеп салынып жатыр. Әрине бұл Мемлекет басшысының "Ел болам десең бесігіңді түзе" деген қазақтың даналығы бар. Сол себептен білімге деген назар аударып, емхана емес немесе зауыт, фабрика емес ең бірінші мектеп салып жатқанына үлкен бір өзіміз қуантарлықтай жәйт. Өйткені білімді ұрпақ ол ертеңгі күні болашағы зор болатын мемлекет.

Мектеп оқушыларын әлеуметтік жағынан қолдау көрсету мәселесі бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған. Президент тапсырмасымен 1,5 миллион оқушы тегін тамақпен қамтылады.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алатын болады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды

Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

1 қыркүйектен бастап мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі. Бұрын 36 мың теңге алып келген бакалавр студентінің стипендиясы 43 мың теңге болмақ. Ал колледж студенттерінің шәкіртақысына 11 мың теңге қосылады.

Ұлбосын САПАРОВА, СТУДЕНТ:

Ол студенттерді алдыға қарай ынталандырады. 43 мың теңге болды деген сөз өте жақсы.

Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы қыркүйектен бастап - 43 мың теңгеге, магистранттарға - 97 мың теңгеге, докторанттарға, оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – 217 мың теңгеге өседі. Ал Техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің шәкіртақысы 50 процентке артпақ.

 Динара ӘЛІМОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бакалавриат студенттерінің мемлекеттік шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың 15 пайызға, техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің шәкіртақысы 1 жарым есеге артады. Сонымен қатар, келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.

Дәрігерлердің жалақысы жақында 30%-ға көтерілді. Мемлекет басшысы орта медицина қызметкерлерінің де табысын арттыруды тапсырған болатын. Олардың айлығы 20 пайызға көбейді.

Батыр ҚОНЫСБЕКҰЛЫ, ДӘРІГЕР:

Бұрынғыға қарағанда дәрігерлердің жалақысы көтеріліп жақсы болып қалды жағдайы. Мемлекет басшысының дәрігерлердің жұмысын бағалап, медбикелердің, дәрігерлердің барлығының жұмысын бағалап көтеріп жатса қанекей. Сенеміз көтереді деп ойлаймыз.

Биыл елімізде мұғалімдер мен тәрбиешілердің, оқытушылардың жалақысы 25 процентке өсті. Педагогтардың кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі үшін де қосымша ақы қарастырылған. Білім саласы ұлт сапасын арттыруда маңызы зор екені белгілі. Бұл болашаққа салынған инвестиция.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тәрбиешілердің әлеуметтік мәселесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесінде біртіндеп азайтқан жөн.

Жанар АТАБАЕВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:

Мен үшін ең қызықты және қажетті мамандық тәрбиеші мамандығы деп ойлаймын. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырып келе жатқан. Тәрбиеші-педагогтардың жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже беріп келе жатыр. Бұл дегініміз яғни тәрбиешілердің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыру деген.

30 жылға тарта уақытын кітапхана ісіне арнаған Бике Нысанбекова жаңадан келген кітапты алдымен өзіміз оқимыз дейді. Сонда ғана оқырманға бағыт беріп, таныстыру жеңілірек . Ол Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында еңбек етеді. Адам жанының рухани азығы саналатын кітап қорын көбейтіп, күтіп ұстап, насихаттауда, заман талабына сай жаңашылдық әкелуде ізденуден тынбаған кітапханашылар жылдар бойы аз жалақыны қанағат тұтты. Соңғы жылдары еңбек еленіп, кітапханашыларға көзқарас жақсарды дейді,- Бике Нысанбекова.

Бике НЫСАНБЕКОВА, КІТАПХАНАШЫ:

Осындай бізге деген жақсы көзқарасты қоғамда өте терең зерттелуі біз үшін қуаныш. Себебі кітапхана мамандығы деген ол өте оңай мамандық деп айта алмаймын. Себебі кез-келген жастар бұл мамандыққа келгенде ең әуелі табысын сұрайды.

Давранбекова Наргиз – екінші топтағы мүгедек. Жарымжан төрт баланың анасы. Ананың көрген қиыншылығы аздай, оның 16 жастағы екінші қызы да тағдыр тауқыметін тартып жүр. Туылғалы бір аяғы екінші аяғынан қысқа, арбаға танылған. Наргиз «қызым өз еркімен жүріп-тұра алмағаннан кейін күтуші ана ретінде үйде отырамын» – дейді. Тек мемлекет беретін жәрдемақымен жан бағып жүр.

Наргиз ДАВРАНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Аяғында илизар аппарат бар. Біз 7 айлап сондай аппаратпен жатамыз. Қызым мектепте де жақсы оқиды. Тәртібі де жақсы. Сыртқа өз еркімен шыға алмайды. Қызымның пенсиясымен қазір 142 мың 700 аламын ай сайын. Өсіп жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілеріне берілетін жәрдемақы көлемі 37 процентке өсті. Бұл үшін республикалық бюджеттен қосымша 41 миллиард теңге бөлінген.

Нақтырақ, бірінші топтағы мүгедектер бұған дейін 77 мың теңге төңірегінде жәрдемақы алса, енді оның мөлшері 90 мыңға көтерілді. Әлеуметтік төлемге 11359 теңге қосылды. Ал екінші топтағыларға 9330, үшінші топтағы жарымжанардың жәрдемақысы 6491 теңгеге ұлғайды.

Президент мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдемақы беріп қана қоймай, өнімді жұмыс орынын ұсынуды да тапсырған. Өйткені, мүгедектердің де өзгелер секілді жұмыс істеуге қауқары жетеді. Мәселен, Айкүміс Рустамқызы арбаға танылғанына қарамастан, халық игілігіне қызмет етіп жүр. «Қанаттылар» инклюзивті театрының актрисасы «адам өз-өзін шектемеу керек» - деп санайды.

Айкүміс РУСТАМҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізде «Қанаттылар» театры, өздеріңіз білесіздер, біз бір-бірімізден мотивация аламыз. Бізде ондай жылап жүретін уақыт жоқ. Біз әр нәрседен жақсылық көруге тырысамыз.

Сөзден іске көшуге үндеген Мемлекет басшысының реформалары қысқа уақыт ішінде өз жемісін беруде. Мұны шетелдік сарапшылар жоғары бағалап отыр.

Кристиан ШАНДЕРЛЕЙН, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ / ГЕРМАНИЯ/:

 Реформалар әрқашан жақсы нәрсе. Сонымен қатар, Қазақстан қоғамды демократияландыруға көптеген қадамдар жасады. Қазақстан халқының жарқын болашағы бар екеніне сенімдімін.

Жұмыс жүйеге түсті. Мемлекет қолдауын көпшілік сезініп отыр. Үкімет әрбір тапсырманың орындалуын қамтамасыз етуде. Оның нәтижесі Президент Әкімшілігінің жіті бақылауында.