Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

73 жасында жер шарын жаяу аралауға шыққан қазақстандық қария Грузияға жетті

AstanaTV
01.09.2023ж. 15:06
528
73 жасында жер шарын жаяу аралауға шыққан қазақстандық қария Грузияға жетті

Әлемді жаяу аралауға шыққан 73 жастағы қазақстандық жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев Грузияға жетті. Қария Қазақстаннан Гүржі еліне жету үшін бір ай жүрген, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, бұл – Сәрсенбай Қотырашевтың екінші сапары. Былтыр қария жарты жылда 8 мың шақырымды еңсеріп, Қазақстан ішін аралап шыққан. Бұл жолы шетел асып, Түркияға жетуге ниетті.

Сәрсенбай Қотырашев осы сапарын 2 тамызда бастаған. Жаяу жолға шыққан саяхатшы бүгінде Грузияның Тбилиси қаласына жеткен.

"Маған Грузияның ауа райы ұнады. Адамдары да ақжарқын, мейірімді, көпшіл екен. Құшақ жая қарсы алып жатыр. Грузин халқына алғысым шексіз", - дейді ол.

Қария өзімен бірге сөмкесі мен арбасын ғана алып жүреді. Жиһанкездің сөзінше, заманауи гаджеттер қажет емес, картамен керек жерін тауып алады. Қазақстанда далада түней беретін саяхатшы шетелде жүргенде бұлай жасауға сескенетінін айтады.

Сондықтан ол шағын қонақ үйлерге аялдап, таңертең жолға шығатынын атап өтті.

Қазіргі таңда қазақстандық жиһанкез Тбилисиден Батумиге жол тартқан. Батумиге жеткеннен кейін ол Түркия шекарасын асып, қазанның басында Стамбұлға жетуді жоспарлап отыр.