Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде жер телімдері аукцион арқылы сатылды

AstanaTV
04.11.2016ж. 20:00
3119
Ақтөбеде жер телімдері аукцион арқылы сатылды

Бүгін Ақтөбе әкімдігі бос жатқан 10 жер телімін 121 миллион теңгеге сатты. Әкімдіктің бұл жолы саудаға шығарған жер телімдеріне үміткерлер саны жүзден асты. Аукцион ағылшын әдісі бойынша өтті. Бар-жоғы екі сағатта әу-баста 2 миллион теңгеден сәл асатын бағаға белгіленген жер телімдері 121 миллион теңгеге сатылып кетті. Мәселен, қала ішінде дүкен салуға бөлінген 6 сотық жердің бастапқы бағасы 8 мың теңге болғанымен, сауда қыза келе 2 миллион 850 мың теңгеге сатылды. Ал газ құю стансаларына арналған орындардың құны әп-сәтте бірнеше есеге көтерілді.

Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Газ құю стансасын орналастыруға байланысты жер телімінің бастапқы бағасы 72 мың теңге болды, бар болғаны. Оған 30 миллион теңгеге дейін ұсыныс берілді. Кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерінің барлығын тек аукцион арқылы беріп жатырмыз.

Бұл жыл басынан бергі кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді сатуға арналған төртінші аукцион. Бұған дейін де аукционға шығарылған жерлер арқылы қала бюджеті 82 миллион теңгеге толыққан болатын. Қалалық жер қатынастары бөлімінің дерегінше, кәсіпкерден ай сайын жер алуға 50-ге жуық өтініш қабылданады. Ал, жеке тұрғын үй салуға арналған жер кезегіндегілер саны 105 мыңның шамасында. Жер қатынастары бөлімі басшысының айтуынша, бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.