$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда 10 жаңа мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашты

01.09.2023ж. 20:00
819
Алматыда 10 жаңа мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашты

Жаңа оқу жылында жаңа мектептің табалдырығын аттаған балалардың да, мұғалімдер мен ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Өңірлердегі тілшілеріміз мерекелік көңіл-күйді жеткізеді. Сөз берейік.

 Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Биыл Алматыда 10 жаңа мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашты. Солардың бірі - нөмірі 211-ші мектеп-гимназия. Бұл білім ордасын, әсіресе, Қайрат ықшам ауданының тұрғындары асыға күтті.

Сөмкесін асынып, қолына гүл шоқтарын ұстаған балақайлар мектеп қарай ағылды. Ал Қайрат ықшам ауданының тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Оларға жаңа мектептің ашылуы ауадай қажет еді. Себебі, жақын маңдағы мектептерде орын болмаған соң, балаларын алшақта орналасқан білім ордаларына тасуға тура келген еді.

Ұлжан ИМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осындай әдемі, жарық, жаңа заманға сай мектеп ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Міне, менің қызым 3-ші сыныпқа келіп жатыр. Бұған дейін біз 1-ші, 2-ші сыныпты Алмалы ауданындағы 128 – ші мектепке барып келіп жүрдік. Ол жаққа бару үшін біз ерте тұрып, ерте шығып жүрдік. Енді үйдің жанында осындай гимназия ашылғанына біз өте қатты қуаныштымыз.

Мектепке 1575 оқушы қабылданды. Бастауыш сыныптар әлден-ақ екі ауысыммен оқып жатыр. Директордың айтуынша, білім беру нысаны заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Айжан ҚАСЫМОВА, №211 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл гимназияның бағыты – жоғарғы сыныптарда ата-ананың таңдауы бойынша физика-математикалық бағыт көбірек, жаратылыстану бағыты және гуманитарлық ағылшын тілі. Балаларға өте ыңғайлы, «Жайлы мектеп» жобасымен салынған мектеп.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алматыда жалпы саны 323 мектеп бар. Онда 301 мыңнан астам оқушы білім алады. Биылғы оқу жылы бірінші сыныпқа 30 мыңнан астам бала барды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Батыс Қазақстан облысында биыл 13 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Бірақ өңірде білікті мамандар әлі де тапшы, әрі апатты мектептер де азаяр емес. Ал шенеуніктер бірер жылда бұл мәселені де шешеміз деп сендіреді.

Олар бұл үшін ауылдардағы шағын жинақты мектептерді көбейтпек. Бұл іске өңірдегі мұнай-газ кенішін игеруші компаниялардың аймақтың әлеуметтік мұқтажына бөлетін қаржысы жұмсалады. Осы бастама аясында Жалын ауылының балалары биылғы жаңа оқу жылында жаңа мектепке аяқ басты. Құрылысы биыл көктемде басталған 54 орындық ғимарат төрт айда салыныпты. Бүкіл жабдығы сай пәндік кабинеттерді көрген оқушылар қуанышты.

Аружан ҚҰМАР, ОҚУШЫ:

Мұндағы мектептің барлығында кабинеттер жасақталған, көптеген құралдар бар. Бұрынғы мектебімізде көрмеген заттар бар. Менің кішкене өкінішім бар, өйткені осы 9-сыныпқа келгенде осы мектепке көшіп жатырмын. Егер де маған мүмкіндік берсе, мен осы мектепте 4-5 жылдай оқығым келер еді.

Балалар бұған дейін жазғы лагерьдің бейімделген ғимаратында оқитын. Енді бұл қиындық артта қалды. Бүгінде өңірде осындай шағын жинақты 15 мектеп салынып жатыр. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 18 білім ошағы бой көтермек.

Айгүл МЫҢБАЕВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2023-жылы 9 мектептің құрылысы басталып, 2024 жылы іске қосылады деп, ал 2024-жылы қалған 9 мектептің құрылысы басталып, 2025-жылы қалған 9 мектептің құрылысы іске қосылады деп есептеп отырмыз. Осы мектептердің құрылысы аяқталған кезде облыстағы 3 ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі.

Дегенмен бүгінде облыста апатты жағдайдағы 12 мектеп бар, тағы 9 білім ордасының оқушылары үш ауысыммен оқиды. Бұл аздай, мамандар тапшы, педагог-психолог, логопед, дефектологтар жетіспейді. Ал 10 мектеп биылғы оқу жылына әзір болмады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Шенеуніктер бұған мердігерлерді кінәлайды. Өйткені жарты жылда аяқталуы тиіс күрделі жөндеу 1,5 жылға, ал кейбір білім ошағының құрылысы 4 жылға созылыпты.