$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Жолдау нақты істердің жоспары жазылған – маңызды құжат", - депутат

01.09.2023ж. 20:00
645
"Жолдау нақты істердің жоспары жазылған – маңызды құжат", - депутат

"Жарты жылда отандық банктер 1 трлн теңгеден астам табыс тапты. Кірістің артуы тиімді жұмыстың нәтижесі емес. Пайданы неғұрлым әділ қайта бөлуді қарастыруы керек". Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деді. Сондай-ақ, келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өсетінін тілге тиек етті. Бұл 1 млн 800 мың халықтың күнкөріс деңгейін жақсартпақ. Екі министрлік қайта құрылатын болды. Жолдауда көтерілген мәселелерді Бекболат Сатуов тарқатады.

Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Технологиялық бәсекелестік. Жер ресурстары үшін талас. Климаттың өзгеруі мен демографиялық тұрақсыздық. Бір сөзбен айтқанда, бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын қатерлер мен түбегейлі өзгерістер басталғанын білдіреді. Сондықтан Президент осы жолғы кезекті Жолдауында тағы экономикалық мәселелерге басымдық берді. Себебі серпіліс жасауға толық қауқарлымыз деді.

"Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары". Кез-келген мемлекетте экономика өсуі үшін алдымен қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру маңызды. Бұл тұста инвестицияның жетіспеушілігі де экономиканы тежейді. Мәселен өткен жылы капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз ғана болған. Бұған еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенділік танытпауы себеп. Ал мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді деді. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын.

Алайда кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет. Олар экономиканы әртараптандыруға тиіс. Ал ірі банктерге бәсекелестік болғаны дұрыс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн.

Келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өседі. Көпшіліктің қуанғаны да осы жаңалық болды. Өйткені, оның шарапатын 1 млн 800 мың адам көреді. Бұл жұмыстар жалғаса бермек. Еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керектігін тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік.

Еңбек нарығында өндірістік жарақаттың да көбеюі өзекті мәселе. Еңбек құқықтары қорғалмаған. Осы секторда жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Президент бұл мәселені де тез арада реттеу қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Айтпақшы, осындай ауыр, зиянды жерде еңбек еткендерге 55 жасынан бастап әлеуметтік төлем төленеді. Президент Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұрады. Мемлекет басшысы екі бірдей министрлік құрылатынын айтты. Оның бірі - Су ресурстары және ирригация министрлігі дегенде көпшілігі елең ете қалды. Өйткені, тіршілік нәрінен тапшылықты біз ғана көріп отырған жоқпыз. Бұл ғаламдық мәселе. Сондықтан маңыздылығы жоғары. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. 

Екіншісі көлік министрлігі. Оған логистика саласын дамыту жүктелмек. Үш жыл ішінде ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Жол инфрақұрылымын жақсарту қоса берілді.

 Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Жолдау жүктеген міндеттер тез арада жүзеге асуы керек. Мемлекет басшысы мәселелерге қарай ұзақтығын 3 жылдан асырмауды тапсырды. Өйткені, жаңа экономикалық саясатта ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.