Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мәжілісте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы есеп берді

AstanaTV
03.11.2016ж. 20:00
2631
Мәжілісте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы есеп берді

«Қазмұнайгазға» қарасты екі компания таратылады. Олар - ҚМГ қайта өңдеу-маркетинг және «ҚазТрансГаз» компаниялары. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы айтты. Сауат Мыңбаевтың дерегінше, қос компанияның әкімшілік басқару аппаратындағы қызметкерлердің 20 пайыздайы қысқарады.

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Жұмыс басталды қайта өңдеу-маркетинг бойынша айтсақ осы жылдың аяғына дейін жабылады, оның біраз адамдары ҚМГ құрамына кірді. КТГ айтатын болсақ, тарату келесі жылдың бірінші жартысында жүзеге асады.

Жиында «Эйр Астананың» 50 пайыз акциясы сатылатыны белгілі болды. Ұлттық қор 25 пайыз акциясын, ал екінші акционер BAE Systems де әзірге 25 пайыз үлесін саудаға шығармақ. Маңызды реформалар «Самұрық-Қазынаның» басқа да еншілес компанияларын да айналып өтпек емес. «Жаңа кадрлық саясат жүріп жатыр»,- деген Өмірзақ Шөкеев компаниялар тобындағы барлық лауазымдар маңыздылығына қарай реттелетінін айтты.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына»  ҰӘАҚ АҚ басқарма төрағасы:

Біз жұмыс тиімділігін айқындайтын 1 500 лауазымды іріктеп алдық. Олар компанияның негізгі мақсатына байланысты сараланып, маңыздылығына қарай реттеледі. Компаниядағы барлық 300 мың қызметкерді бірден халықаралық стандарттар бойынша оқытуды мақсат етпейміз. Санға емес сапаға, топ-менеджменттің сапасын арттыруға көңіл бөлінеді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Атқарылған жұмыстан атқарылатын жұмыс көп, трансформацияның әлі де нәтитижесін көре қойған жоқпыз, холдингке мемлекет орасан зор қаржы құйды, біздің бетке ұстар активтеріміз шоғырланған, сондықтан жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылып, активтердің дұрыс басқарылуы, құйылған қаражаттың қайтарымы үлкен сұранысты тудырады.

Ал, Air Astana, «Қазатомпром» және «Қазақтелеком» компаниялары өз акцияларын IPO-ға бірінші болып шығарады. Бұл туралы күні кеше мемлекет басшысы арнайы қарар қабылдаған. Оған сәйкес компаниялардың акцияларын IPO-ға шығарудың алдын ала мерзімі белгіленді. Мәліметке сай, ол 2017 жылдың аяғы мен 2018 жылға белгіленген. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА