Қазақ
кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі актер әрі режиссер
Тұңғышбай Жаманқұлов қамауға алынды. Халық әртісі 70 млн теңгеге жуық қаражатты
жеке мақсатына пайдаланды деген күдік бар. Бұл туралы Жемқорлық қылмыстарға
қарсы ұлттық бюро ресми ақпарат таратты. Мамандар, ол бюджет қаражатына
түсірілуі тиіс «Феникс» фантастикалық фильміне бөлінген қаржыны талан-таражға
салды, деп отыр. Ришат Асқарбекұлы тарқатады.
Ришат
Асқарбекұлы, тілші:
Тұңғышбай
Жаманқұловтың сахнада емес, шынайы өміріндегі драмалық оқиға кешелі бері
ақпарат агенттіктері арқылы тарап кетті. Олар қазақ театр өнеріндегі ең танымал
тұлғаның құрықталғаны туралы жарыса жазды. Жемқорлық қылмысқа қарсы ұлттық бюро
таратқан мәліметке сүйенсек, актер 69 миллион теңгені қалтасына басқан.
Жемқорлық
қылмыстарға қарсы ұлттық бюро «Феникс» фильміне бөлінген бюджет қаржысын
мақсатсыз жұмсау дерегін анықтады. Тергеу барысында «Қазақфильм» АҚ алдын ала
дайындау және түсіру жұмыстары үшін «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-не 79
млн теңге аударған. Осы қаражаттың 69 млн теңгесін картинаның бас продюсері
Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырды деген күдік бар. Ол құрылтайшылық ететін
серіктестікке түскен қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Жаманқұловқа
берілген.
Қазақ
кино өнерінің майталманы кеше қамауға алынған. Құзырлы мекеменің таратқан
ақпаратына қарағанда, танымал актер қомақты қаржыны сыбайластары арқылы
жымқырған. «Қазақфильм» кинокомпаниясында экономика және қаржы директоры
қызметін атқаратын Ысқақова мен атқарушы продюсер Юдина да сот пәрменімен
құрықталыпты. Алайда «Қазақфильм» мекемесінің өкілі аты аталған мамандардың екі
жыл бұрын жұмыстан шығып кеткенін айтады. Бірақ министрлік бөлген ақша түгел
аударылғанын жоққа шығармады.
Дмитрий
Шишкин, «Қазақфильм» АҚ баспасөз хатшысы:
Қаражаттың
иесі Спорт және туризм министрлігі. Ал «Қазақфильм» компаниясы оператор ретінде
тиісті қаржыны «Туран Юниверсал бизнес» серіктестігіне әлдеқашан аударып берді.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Істің ақ-қарасын ажыратады деп ойлаймыз. Бұл істің
аясында, әрине, бізді де құзырлы органдар келіп тексеріп кетті.
Ришат
Асқарбекұлы, тілші:
Бүгін
мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «істі» болған кино
майталманына көмектесуге әзір екенін айтыпты. Бұл туралы саясаттанушы Ерлан
Саиров Фейсбуктегі парақшасында жазды. Алайда ол бұл жазбасын түстен кейін
өшіріп тастады.
Жалпы осы дауға себеп болып отырған «Феникс»
ғылыми-фантастикалық фильміне бюджеттен қаржы 2014 жылы бөлінген. Фильм
авторлары АҚШ-тан, Ресейден инвесторлар тапқанымен, қазақстандық тұңғыш
фантастикалық кино ақыры түсірілмеген.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ