$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Талғат Ермегияев кінәсін мойындамады

AstanaTV
04.04.2016ж. 20:00
1129
Талғат Ермегияев кінәсін мойындамады

Бүгін Астанада «Экспо» ісіне қатысты сот процесінің негізгі отырысы басталды. ЭКСПО ұлттық компаниясының экс- басшысы Талғат Ермегияев өз кінәсін мойындаған жоқ. Оны қолдау үшін сот залына олимпиада чемпионы Илья Ильин де келген. 

Илья Ильин, 2 дүркін олимпиада чемпионы:

Мен мұнда куәгер ретінде келген жоқпын, мені ешкім шақырған жоқ. Бұл оқиғаны естігенде, жаным жай таппады. Ермегияевті жақсы жағынан ғана білемін. Араластық, тіпті дос болдық деуге де болады. Істің немен аяқталарын білмеймін. Бәрін сот шешеді.

Бүгін күдіктілерге тағылған айыптар жария болды. Прокурорлар 23 күдіктінің айыбын 4 сағат бойы тоқтаусыз оқыды. Мұнымен де бітпей түс ауа тағы жалғасты. Мемлекеттік айыптаушылар бұл істегі басты фигурант Талғат Ермегияевтің ақша жымқыру жолдарын егжей-тегжейлі баяндап берді. Сотқа тартылғандардың бас аяғы 10 млрд теңгеден астам қаржыны қолды еткені айтылды. Мамандандырылған ауданаралық соттың залына журналистер жіберілгенімен, дыбыс тым ақырын болды. Кейбір прокурорлардың дауысын жазу мүмкін болмады. Ал күзет ұялы телефондарды алып өтуге рұқсат бермеді.

Еске салайық, Талғат Ермегияевқа аса ірі көлемде пара алды, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды,  4 млрд теңгеден астам қаржыны қалтаға басты деген айыптар тағылып отыр. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ