Бүгін-Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай Қостанай облысында ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды.
Торғайда Шақшақ Жәнібек, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Ыбырай, Әліби, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың музей үйі бар. Экспедиция мүшелері алақандай аудандағы бес музейді аралап шықты. Ахаң мен Жахаңның былтыр жаңғырған әдеби музейі ерекше әсер қалдырды. Әсіресе ғылыми жұмыс,мақала, эссе жазатын ұстаздар мен оқушылар қос арыстың асыл мұрасымен сусындап, кеуде кеңістігіне кемел ой түйді.
Қымбат БІРМАНОВА, Б.МАЙЛИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Әр сөзі, әр жәдігер тарихтан сыр шертеді.Осыған тамсандық.Өзімізге түйетін сыр алдық.Басты мақсат елдің мүддесі үшін, елдің қамын ойлаған ұлы тұлғалардың әдебиетке, елге сіңірген еңбегін паш ету, жариялау, руханиятымызға азық ету.
Жанат ДОСЫБАЕВА, РУДНЫЙ ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ахмет атамыздың еліне,халқына, жеріне жасаған барлық еңбектерімен және өмір жолдарымен таныса отырып одан ары білімімізді жетілдіре отырып, болашақ ұрпаққа, өскелең ұрпаққа осы атамызды насихаттау.
Экспедицияның екінші күні Ахаң ауылына арналды. Қостанайдан, Рудныйдан барған экспедиция мүшелері алдымен ұлтты оятқан ұлы тұлғаның туған топырағына табан тіреп, ақ кесенесіне барды.
Әбутәліп ӘМІР, ЖАЗУШЫ:
Осы экспедицияның негізі мұғалімдер. Керемет, жақсы эссе, шығармалар жазады.Соған шабыт алу үшін, өздерінің көзімен көру үшін осындай экспедиция ұйымдастырған жігіттер мен қыздарға зор алғыс айтамыз.
Енді экспедицияға барған мұғалімдер мен оқушылар ғылыми жұмыс, мақала, эссе жазуға кіріседі. Ең үздіктері марапатталады. Бұл игі бастамаға «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері мұрындық болды.