Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Тіл үйренуге ниет пен ынта керек",-Н. Алмағамбетова

05.09.2023ж. 20:00
602
"Тіл үйренуге ниет пен ынта керек",-Н. Алмағамбетова

Ана тілің - арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Қадыр Мырза Әлидің көңілден шыққан осы шумағы бүгінде қазақ тілін үйренушілердің басты ұранына айналған. Мемлекеттік тілді меңгерушілердің айтуынша, ең бастысы - ниет пен ынта. Сонда ғана жеті жұрттың тілін білуге болады дейді.

Наталья Алмағамбетова бала кезінен қазақтардың арасында өскен. Мектепте он жыл орысша оқып, тәрбиеленсе де, жатсынбай бауырына басқан достарының көмегі көп болды дейді.

Наталья АЛМАҒАМБЕТОВА, МҰҒАЛІМ:

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйрену өте оңай. Бірталай әдіс-тәсілдері бар. Ең бастысы адамның ниеті болуы керек мемлекеттік тілді үйрену үшін. Кішкентайымнан үйрендім ғой. Кішкентайымнан балабақшаға бардым, одан кейін мектепке бардым. Сол 11-сыныптан судай болдым қазақшаға.

Тіл жанашырларының айтуынша, тіл - татулық тірегі. Тіл халықты біріктіреді.

Талап ТАЙМАСҰЛЫ, АҚЫН:

Тілге құрмет - елге құрмет. Бұл сөз тек қана қазақ халқы үшін емес, Қазақстанды мекен етіп жатқан, Қазақстанымды отаным деп санайтын әр ұлт пен этностың өкілдеріні ұран қылып айтатын сөздің бірі. Тіл арқылы, тілімізге деген құрмет арқылы біз бір-біріміздің ынтымақта тұрып жатқан халықтардың ынтымақ-достығын көреміз.

Мамандардың айтуынша, өңірде қазақ тілін оқыту ісі жолға қойылған. Биылдың өзінде 700-ден астам адам қазақшаны тегін үйреніп, тіл сындырыпты. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Света ҒАНИЕВА, БҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

РФ тұратын қазақ диаспораларымен әдеби-мәдени байланыс орнату, методикалық әдістемелік көмектер ұйымдастыру мақсатында жыл бойы тегін онлайн форматында оқыту курстарын ұйымдастырып келеміз, қазақ тілін оқыту курсы. Биылғы жылы 200 адам жоспарланған.

Бүгінгі "Тіл - тұтастық туы" атты тіл фестивалінде тіл жанашырларының еңбегі еленіп, үздіктер марапатталды. Фестивальмен қатар өзге ұлт өкілдері әзірлеген "Достығы шалқыған шаңырақ" көрмесі өткізілді.