Жамбыл
облысында төтенше жағдай жарияланды. Жойқын желден 40-қа жуық адам зардап шеккен. Талдар мен электр бағандары
түбірімен жұлынып, бірнеше мың абонент қуат көзінен қағылды. Ал мемлекеттік
мекемелер мен әлеуметтік нысандар шатырсыз қалды. Тіпті темір жол бағыттары
тоқтап, жолынан қалған жолаушылар шу шығарды. Дүлей дауылдың зардаптарын
өңірдегі әріптесім Данияр Әлімқұл айтып береді.
Данияр
Әлімқұл, тілші:
Кеше
түстен кейін басталған дүлей дауыл талдарды тамырымен қопарды. Секундына 30
метр жылдамдықпен соққан жел ағаштарды тамырымен жұлып түскен. Құлаған
ағаштардан 36 адам зардап шекті. Олардың 32-сі жеңіл жарақаттармен үйіне
жіберілсе, төртеуі аурухана төсегіне таңылыпты. Дәрігерлер олардың жағдайлары
қалыпты екенін айтады.
Бекарыс
Райымбеков, Тараз қаласының тұрғыны:
Нан
алып шығып келе жатыр едім, ары қарай білмеймін есімді, не болғанын. Содан
кейін сатушылар ішке алып кірді, сол жерде есімді жинаппын. Ауырып
жатқанда мына басымның терісі сыпырылып кеткен екен. Сол теріні тікті түнде
жансақтау бөлімінде. Реанимацияда жаттым, осы жерге ауыстырды палатаға.
Ербол
Ордабеков, №1 Тараз қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
4-інің
жағдайы орташа қалыпты. Үш науқас жарақат бөлімінде, біреуі нейрохирургия
бөлімінде жатыр. Біреуінің миы шайқалған. Қалғандары әртүрлі дене сынықтары
бойынша ем қабылдауда.
Төтенше
жағдай мамандары құлаған ағаштар 6 жеңіл көлікті басып қалғанын айтты. Одан
бөлек, 5 бірдей темір жол бағыты тоқтап, жолаушылар жолдан қалды. Діттеген
жеріне жете алмаған олар вокзал ішінде шу шығарды.
Тілектес
Сейітбекова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Келдік
қой таңғы сегізде, содан әлі жүрміз, міне, әлі жүрміз. Туалеті 40 теңге, өтірік
пе? Ол ақшаны қайдан табамыз біз, өзіміз зорға жүрген адамбыз. Міне, 10 сағат
болды күтіп тұрғаныма, 10 сағат болды. Халыққа айту керек, сағат 9-да келгенде, айту керек, «5 сағат жоғалады»
дегенде, мен қаладағы баламның үйіне барып, тамақ ішіп келетін едім ғой мен.
Қазір
қалада қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда,
тұрғындар жүргізіліп жатқан жұмыстарға риза емес.
Люся
Пак, Тараз қаласының тұрғыны:
Ағаштар
желден құлағанда жер сілкінгендей болды. Қатты қорқып кеттік. Енді міне,
үйімізге құлаған ағаштар әлі тазаланбай жатыр. Диспетчер бөлімі жауап бермейді.
Ал, төтенше жағдайлар департаменті өздерің жасаңдар немесе 112-ге хабарлас
деді. Ол жақтан да бір де бір адам жауап бермеді. Енді мына ағаштар ойнап
жүрген балаларымызға құлап кете ме деп қорқып отырмыз.
Жамбыл
облысының әкімі жедел БАҚ өкілдерін шақырып, қалпына келтіру жұмыстары бір
аптаға жетпей бітеді деп сендірді. Шығын көлемі белгісіз. Бір анығы, қаладағы
маңдайалды оқу орнының шығыны ғана.
Кәрім
Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:
Бүгінгі
есеп бойынша, ТЖД мәліметінше, 127 миллионға осы Тараз мемлекеттік университетінің төбе жұмыстарын атқару керек болып отыр. Одан бөлек, осы қаладағы
перинаталдық орталықтың төбесі 1 500 метрі кетіп отыр. Бүгінгі таңда облыс
бойынша төтенше жағдай жарияланды. 43 бригада жұміс істеп, 250-ге жуық адам
тартылуда.
Екі
апта бұрын ғана бірден қалың қар жауып, аймақ тұрғындарын есеңгіреткен еді.
Енді сойқан желдің салдары тағы соққы болды. Облыс әкімдігінің дерегінше, сол
кезде 10 мыңнан аса тал құлап, 16 мың абонент жарықсыз қалған болатын. Қазіргі апаттан кейінгі ахуал бойынша 53 мың
абонент жарықсыз қалса, оның 37 мыңнан астамы қазір қуат көзіне қайта
қосылыпты. Жылу мен газдан тұрғындар тарығып отырған жоқ. Облыстағы 67 білім, 7
денсаулық, 8 мәдениет, 1 спорт, 2 әлеуметтік-оңалту мекемесі шатырсыз қалған.
Арнайы құрылған комиссия шығын көлемін енді анықтамақ.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ