$478.93 €534.96 ₽5.16
×

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

08.09.2023ж. 20:00
2146
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл жолы 3344 отбасы бәйгеге түскен. Олар ең әуелі облыстық іріктеуде бақ сынады. Әр өңірден 20 отбасы республикалық кезеңге өтіп, 1 миллион теңгені иеленді. Мерекелік кешке әріптесім Аружан Задабек барды.

 «Мерейлі отбасы - 2023» байқауы 10 жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Содан бері сайысқа 20 мыңнан астам жанұя қатысқан. Олардың 63%-ы ауыл тұрғындары. Отбасылық құндылық дәріптелетін байқауға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы келді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

"Мерейлі отбасы" жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Бұл төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтағы үлгілі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде берекелі бірлігі жарасқан, құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сайыста Қызылорда облысының намысын қорғаған Смағұловтардың өнегелі өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай. Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған Қабақ Сұмағұловтан 10 бала, 22 немере, 27 шөбере, 2 шөпшек тараған. Балалары мен немерелері білім, медицина, спорт, ауылшаруашылық саласында еңбек етеді.

Қабақ Смағұлов, “МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2023” ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Отбасын сақтап қалу оттың басына байланысты. Сол арқылы өседі, өнеді. Оттың басындағы адам өнуі үшін онығ өздерінің ата-аналық қамқорлығы болу керек.

Смағұлов әулетінде ғылым саласына тер төгіп жүрген бірнеше маман бар. Немересі мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионы. Өзге ұрпақтары “Смағұл” шаруа қожалығын ашып, ауылшаруашылын өркендетуге үлес қосып жүр.

Кемал СМАҒҰЛОВ, “МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2023” ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Балаларының барлығының ғалым болғанын қалады. Себебі балаларының білімді болғанына, тәрбиелі болғанына көп көңіл бөлетін. Жұмыстан тыс уақытта ылғи балаларымен бірге сабақ оқы десе оқитын, есеп шығаратынбыз бірге.

 «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген. Негізгі мақсат - жаһандану дәуіріндегі отбасы құндылықтарын жоғалтпау. Үлгілі ошақтың өмірін, өскелең ұрпаққа көрсету арқылы өнегелі жастар тәрбиелеу.

Күлбан ЕСКЕНОВА, “МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2023” ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Біздің отбасында қазақи тәрбие көбінесе береміз. Адамгершілікке баулып балаларды, ұрпақтар сабақтастығын насихаттап, отбасылық құндылықтарды балаларға кішкентай кезінен үйретіп, тәрбиелеп, үлкен азамат қылып барлықтарын, оқытып, шоқытып, әрқайсысы өз мамандығы бойынша қызметтерін атқарып жатыр.

Бедел биігінен көрінгендерге қарап отырып, өнегелі отбасының керегесі алтын екенін ұғынуға болады. Еңбек пен тәртіп, мейірім мен махаббат, ізгілік пен парасат салтанат құрған отбасылар қашанда көпке үлгі болары анық.