Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Ертіс өзені тартылып барады

08.09.2023ж. 20:00
765
Ертіс өзені тартылып барады

Ертіс тартылып барады. Осылай деп дабыл қаққан экологтар Қазақстандағы ең ірі өзенге қауіп төніп тұрғанын айтады. Себебі, алдағы 10 жылда өзен кешіп өтетін арықтың күйіне түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде өзеннің ортасынан аралдар пайда болған. Мамандар шұғыл әрекет етпесе, өзен шалшық суға айналып қалуы бек мүмкін дейді. Ол үшін не істеу керек? Мәселенің мәнісін тілшіміз біліп келді.

Қытайдан бастау алатын Ертіс өзені Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын басып өтеді. Өзен суы біздің өңірге келгенде 20 шақырымға дейін жайылады. Бұл уақытта балықтар уылдырық шашып, тоғай алқабы суға толады. Алайда, биыл су жіберу процессінде кедергілер болып, өзен деңгейі төмендеп кетті.

Антон ЧАШИН, ГИДРОЛОГ МАМАН:

Биылғы жылы Ертісте су айтарлықтай аз болды. Оның барлығы өткен қыста қар аз түскеннен. Содан болып Шығыстағы су қоймаларының деңгейі төмендеп, бізге су бекітілген кестеден аз жіберілді.

Биыл Шүлбі су қоймасынан Ертіске 32 пайыз су босатылды. Бұл соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Юрий ПАВЛЕНКО, ЭКОЛОГ:

Ертістің жағдайы адам шошырлық. Бұлай жалғаса берсе хәлі тіптен мүшкіл болып, алып өзеннен айырылып қаламыз. 2030-шы жылы тіпті одан бері 2028 жылдан кейін суы сирақтан келетін болады. Өйткені, Қытайда су тапшылығы туындайды. Сондықтан олар Қара Ертісті бөгеп тастайды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазір Ертістің әр жерінде кішігірім аралдар пайда болған. Мамандар өзен суы осылай тартыла берсе, алдағы 10 жылда арыққа айналуы мүмкін дейді. Суы таяздаған сайын ластанып, экожүйе де бұзыла бастаған.

Жолдауда Президентте су тапшылығына алаңдаушылық білдірген болатын. Сол үшін суға жауапты министрлік құрылды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Жолдауда Мемлекет басшысы су тапшылығын жою үшін жаңадан 20 бөгет салуды тапсырды. Павлодар облысы өзенді сақтап қалу үшін су қоймасын салмақ.

Асайын БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Павлодар облысы аумағында су қоймасын салу ойыма келді. Біріншіден, гидрогеологтармен бірлесіп орналасатын орнын белгілеуіміз керек. Осыдан кейін ғана біз Үкіметке ұсыныспен шыға аламыз. Облыстың дамуы үшін өзіміздің су қорымыз болғаны артық етпейді. Бұл ауыз сумен қамтамасыз етудің де кепілі болады.

Юрий ПАВЛЕНКО, ЭКОЛОГ:

Ертісті жылдам арада құтқару керек. Ол үшін Қытай және Ресеймен келіссөздер жүргізу қажет. 1991 жылы құрылған комиссияны таратып, мүшелерін жаңартсын. Су туралы заң қабылдау керек. Қылмыстық заңнаманы қатайтып, Ертісті ластағандарды қатер төндіргендерді түрмеге жапсын. Сонда ғана Ертіс қалпына келеді.

Биыл су мөлшерінің аздығынан өзен жағалай орналасқан елдімекендер зардап шекті. Шабындықтар шалғы салуға келер емес. Судың жоқтығына дұрыс көктемей қалған. Енді бұлай жалғаса бермесе, бұл басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін деп отыр мамандар. Өйткені, Астана, Қарағанды, Теміртау секілді үлкен қалалар Ертіс өзенінен бастау алатын Сәтбаев каналынан тіршілік нәрін алады.