Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр

11.09.2023ж. 20:00
1026
Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр

Тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан күрделі мәселенің күрмеуі қалай шешіледі? Аймақтағы шаруаларға қандай қолдау көрсетілуде? Өңір диқандарымен тілшіміз Заңғар Санай тілдесіп қайтты.

Заңғар САНАЙ , ТІЛШІ:

Тобыл өңіріндегі машина-трактор паркінің жетпіс алты пайызының тозығы жеткен. Шаруалар шамасы келгенше техникаларын жаңартып жатыр. Бұл мақсатқа биыл бюджеттен он сегіз миллиард теңге бөлінген екен.

Қомақты қаражатқа аймақ шаруалары 164 трактор, 49 комбайн, 249 сепкіш , 28 егіс кешені және басқа да техника сатып алған. Астықты өлкеде машина-трактор паркін жаңарту жұмысы соңғы жылдары қарқынды жүре бастады.

Арымжан МИЗАМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Ауыл шаруашылығы техникасының жыл сайынғы жаңартылуы орта есеппен үш пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыру үшін мемлекет инвестициялық субсидиялау арқылы және де сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жолымен қолдауды жүзеге асырады.

Ескіден құтылмай, еңбек өнбейді. Іс ілгері баспайды. Өнім үлесі артпайды, дейді кәнігі диқан Аман Аянов. Шаруа ауыл шаруашылық техникасын 95 пайызға жаңартыпты. Соның арқасында дер кезінде дән сіңіріп, дәл уақытында бітік шыққан бидайды шашау шығармай жинап алады екен.

Аман АЯНОВ, «АЯН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оратын, себетін, жерді оңдайтын бүкіл техниканы жаңартқанымызға екі-үш жыл болды. Оған басты көмек «Агроқаржы» инстуитуттан қарызға алып жатырмыз. Жеті –сегіз, он жылға дейін беріп жатқан техника бағасы бар.Жылына сол техниканың 10-15 процентін төлеп отырамыз.Сонда күшке түспейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айтты. Жеңілдетілген несие берумен техника түйткілі түбегейлі шешіле қоймас. Аймақ диқандары ендігі кезекте егін егетіндерге ерекше қолдау, жағдайын жақсартуға жол нұсқайтын тұғырлы бағдарлама,тың жоба қабылданар деген үмітте.