$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстанда ет өндірісі 7%-ке артты

AstanaTV
12.09.2023ж. 12:11
1014
Қазақстанда ет өндірісі 7%-ке артты

Биылғы жылдың қаңтар-шілде қорытындысы бойынша, Қазақстанда ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқы мен жылқы тұқымдас малдың жас еті немесе салқындатылған ет өндірісі бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 6,5%-ке өсті.

Бұл туралы ҚазАқпарат Energyprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ең көп өндірген өңір Қостанай облысы: 7,5 мың тонна, жылдық өсім — 25%. Үздік үштікке Ақтөбе (6,3 мың тонна, плюс 1,7%) мен Солтүстік Қазақстан облысы (6,2 мың тонна, плюс 28,5%) кірді.

2022 жыл ішінде елде жалпы 73,1 тонна ет өндірілген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 11,4%-ке көп.

Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша, елде 9,7 млн ірі қара мал бар екен, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,7%-ке көп. Оның ішінде 4,8 млн сиыр бар, плюс 4,7%.

Сондай-ақ жылқы (7,7%-ке, 4,2 млн басқа дейін), түйе (4,4%-ке, 280,7 мың басқа дейін) және қой (3,6%-ке, 23 млн басқа дейін) көбейді.

Керісінше, ешкі басы 3,9%-ке 2,6 млн басқа дейін, шошқа — 2,7%-ке, 818,3 мың басқа дейін, құс — 0,3%, 49,6 млн басқа дейін қысқарды.

Биыл шілде қорытындысы бойынша ет, ет өнімдері бағасы бір айда 0,3%-ке, бір жылда 11,2%-ке көтерілді.

Аймақтар бойынша бір жыл ішінде ет қымбатшылығын әсіресе елорда тұрғындары сезді: плюс 16,3%. Одан кейінгі орындарда Алматы (плюс 15,5%) мен Солтүстік Қазақстан облысы (плюс 15,2%) тұр. Ал ең төменгі өсім Түркістан облысында тіркелді 5,7%.

Еттің түрлеріне келер болсақ, сиыр еті 11,5%-ке, қой еті 7,1%-ке, шошқа еті 11,9%-ке, жылқы еті 9,1%-ке, пісірілген шұжық 14,5%-ке, жартылай ысталған колбаса 12,7%-ке өсті.

Дүкендер мен нарықтағы сиыр еті бағасы Қазақстан бойынша орта есеппен келісіне 2,6 мың теңге, қой еті - 2,8 мың теңге, шошқа еті — 2,2 мың теңге, жылқы еті — 3 мың теңге, пісірілген шұжық — 2,8 мың теңге, жартылай ысталған шұжық — 3,3 мың теңге.