$510.08 €539.61 ₽5.15
×

Елімізде күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

12.09.2023ж. 20:00
1062
Елімізде күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

Елімізде күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Әйелдер тепкінің астына түседі, ерлеріміз қит етсе жұдырығын ала жүгіреді. Салдарынан бірі сал болып, енді бірі өмірімен қош айтысты. Оған дәлел, соңғы екі жарым жылда үйдегі ұрыс-керістің салдарынан 300 адам қайтыс болған. Мұндай сұмдық статистиканың көбеюіне не себеп? Оған еркектің жауапсыздығы себеп пе, әлде қыз-келіншектердің тілі ащы ма? Әріптестерім жауап іздеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

- Сен неге айтқанды тыңдамайсың осы? – Сен неге маған қол көтересің? – Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді. - Оған қоғамның көзқарасы қандай? – Біз шағын эксперимент түсірдік. Бірге көрейік.

Эксперимент соңы осылай аяқталды. Бірі – жаны ашып, ажыратуға тырысса, енді бірі – қөз қиығын да салмады. Мән бермеуі де орынды шығар. Өйткені, қазақ қоғамы үшін отбасындағы дау – жабық тақырып. Әркім өз қазанын өзі тазалауы тиіс. Тұрғындардың біразы зорлық-зомбылықтың орын алуына әйелдердің өзін кінәлайды. «Тілі ащының тілеуі -жұдырық» - дейді.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Әйел өзі тілінен табады. Сол үшін әйел күйеуінен төмен түсуі керек та.
 - Шапалақ екі қолдан болады ғой. Екеуі бірдей. Бір-бірін түсінсе ештеңе болмайды.
- Ақша аз табасың дейді. Сондай әңгімеден шығады ұрыс-керіс.

Мен әріптесім Сүндеттің ойымен мүлдем келіспеймін. «Ыдық-аяқ сылдырламай тұрмайды» - дейді қазақ. Бірақ біз қазір қасық, тәрелкемізді тура мағынасында сылдырлататын болдық. Жанұядағы жағдайды жасырамыз деп, жұдырықпен өмір сүру – қате. Әрине, кінә екі жақтан. Бірақ сол үшін өмірлік жарын тепкінің астына алу дұрыс емес - дейді тұрғындар.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Әйелді ұрған еркек – әлсіз еркек. Өзінің анасы сияқты, қарындасы, апасы бар деген сияқты ғой. Әйел заты нәзік қой.
- Қазір әлем сондай. Әйелді ұру қалыпты болып қалды. Сен отбасыңды сақтаймын десең, үйдегі жарыңа құрмет көрсетуің керек.
- Қазір заманға байланысты бәрінің жүйкесі құрып жүр ғой. + Бәрі жақсы болса, жұмыстары жақсы, табысы жақсы болып, үйлері болса отбасы да тыныш болады ғой.

Иә, әрине, Аружан, бұл менің әйелге қол көтеру дұрыс дегенім емес. Тек "еркек – бас, әйел – мойын" екенін ұмытпаған жөн. Кінә екі жақтан болса да, ұрысты ауыздықтау әйелдің қолында. Сөзіме тұздық болсын. Психологтар еркекті тәрбиелеу, оған жылы қабақ танытып, кез келген жағдайда қолдау білдіру әйелді өрге сүйрейді – дейді.

Балабек САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Әйел адамдар бір рет сөйлеуі мүмкін, бір рет дұрыс қылық жасамауы мүмкін. Бір рет айтқанын істемей қоюы мүмкін. Осындай факторлар жиналып, оңтайлы сәт келгенде осыларды әйеліне айтып отырып, ұрып-соғады.

Айтар ауызға бәрі оңай. Бірақ статистиканы көріп бас шайқайсың. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есе артқан. Жыл сайын полицияға 100 мыңнан астам хабарлама түседі. Зәбір көрушілердің 78%-і әйел, 10% -і бала. Жанжал көбейгеннен кейін, ажырасу дерегі де артады. Былтыр 17 мың шаңырақ шайқалған.

Гүлмира ШАХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Жыл басынан бері қарай, 8 ай бойында 102 каналына отбасы тұрмыстық салада 10500-ден қоңырау түсті. Соның ішінде 6300-іне қорғау нұсқамасы шығарылды.