$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы таныстырылды

AstanaTV
08.11.2016ж. 20:00
2433
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы таныстырылды

20 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігі. Бұл 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, «Агробизнес-2020»  және Қазақстанның су ресурстарын басқару жобаларын біріктіре отырып іске аспақ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында осы құжатты таныстырған ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осылай деді. Бағдарламаны заң аясында қабылдау жыл соңына дейін аяқталмақ.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

Тұжырымдаманың алғашқы нұсқасында 13  мақсат қойылған. Және бұл талаптар жалпылама сөздерден құралған еді.  Ал қазір оның көлемін екі есеге қысқарттық әрі  нақты сандар мен міндеттерді көрсеттік. 

Алға қойылған 6 мақсаттың ішінде мал шаруашылығы тиімділігін 58 пайызға, егін шаруашылығын 48 пайызға көтеру жобасы бар. Ауқымды ауыл шаруышылық кооперацияларын құру да назардан тыс қалмайды. Бұл ауылдағы ағайынның қосымша қаражат табуы үшін жасалып отырған мүмкіндік.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Мал ұстағанда, өнім - сүт пен ет қой. Оны қазір жеке қосалқылар қалаға не өндіріс зауыттарына жеткізе алмайды, ондай мүмкіндік жоқ. Басын біріктіріп, кооператив құрып, жоспарлап жатырмыз. 5 жылдың ішінде осы сүт өнімі болса, 500-ден астам кооператив құрамыз деген жоспар бар.

Мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамалық жобасын талқылауға бизнес өкілдерімен қатар әр өңірдің кәсіпкерлері онлайн жүйе арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Ашық алаңда бағдарламаның артық тұстары ғана айтылып қоймай, жетілдіруді талап ететін жақтары да ескерілді. 

Айбек ҚОСАН