Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Дональд Трамп президенттік сайлауда жеңіске жетті

AstanaTV
09.11.2016ж. 20:00
3252
Дональд Трамп президенттік сайлауда жеңіске жетті

АҚШ-та президент сайлауы мәреге жетті. Дональд Трамп айқын басымдықпен алға шығып жеңімпаз атанды. Сайлаушылар алқасындағы 538 дауыс берушінің 276-сы «республикашыл» миллиардерді қолдаған. Ал оның басты қарсыласы бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон 215 дауыс жинады,- деп хабарлайды Рейтерс. Трамптың жеңісін АҚШ тұрғындары мен әлем жұртшылығы қалай қабылдады? Саламат Омаш тарқатады.


Саламат Омаш, тілші:


Кезінде телешоудың жүргізушісі болған, миллиардер Трамптың әккі саясаткер Хиллари Клинтонды басып озуы әлем үшін таңқаларлық жағдай болды. Бүгінгі күнге дейін, екі кандидаттың пірікталасын қосқанда, барлық жағдай  Клинтонның жағында еді. Американы тұңғыш әйел президенттің басқаратынына да ешкім күмән келтірмеген. Лондон биржасындағы ойыншыларға дейін 83 пайызбен Хиллари Клинтон президент болады деп болжаған.

Десе де азуын айға білеген америка тұңғыш әйел президентті қаламады. Міне, сахна төріне Дональд Трамп отбасымен көтеріліп келеді. Елдің қошеметінде шек жоқ. Президент болу түсіне де кіріп шықпаған кезде Трамп «Егер президенттік сайлауға қатысатын болсам, міндетті түрде жеңем» деген еді. Уәдесінде тұрды. Жетпісті  алқымдаған жеңімпаз бұл жолғы сайлау кампаниясы жарқын болашақ үшін күрескен миллиондаған америкалықтардың жеңісі екенін айтты.

Дональд Трамп:

Мен өмірімнің басым бөлігін бизнеске арнадым. Дүниежүзіндегі адамдардың жасырын қабілетін ашумен айналыстым. Бұдан былай Америка тек үздік дүниелерге лайық болады. Мен әлемге қаратып айтар едім, біз әріптестерімізбен жауласпаймыз, керісінше, ынтымақтастықта боламыз. 

АҚШ-тағы сайлауда 46 миллион азамат алдын ала дауыс берген, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Алайда Трамптың жеңісіне бөркін аспанға атып қуанып жатқандар аса көп емес. Халықтың басым бөлігі "бұл күтпеген жағдай болды, таңдау дұрыс жасалмады" деген пікірлерін айтып жатыр.

Трампқа дауыс бергендер әдейі жасады. Олар республикашылдың саясатын шын мәнінде қолдап дауыс берді деп ойламаймын. Оның президент ретінде не істей алатынын да білмеймін. Америкалық әйелдер үшін тарихи күн туа ма деп күтіп едім, бірақ бәрі керісінше болды.

Мен сайлауға белсенді түрде ат салысқан едім, алайда көңілім-күйім бұзылып тұр. Әлемді демократиялық партиямен бірге гүлдендіреміз деп ойлап едік. Бірақ бұл таңдау біз ұстанған бағыт емес.

Ақ үйдің маңына мыңдаған адам жиналған. Олар тозаққа қош келдің деп ұрандатып жүр. Трамптың жеңіске жеткенін естіген Франция тұрғындарының да еңселері түсіп кеткен.  Ұлыбритания мен Мексикада да осыған ұқсас жағдай. Ал бізде аса қатты белсенділік байқалған жоқ. Қазақстанда тұратын америкалықтар ғана таң атпастан АҚШ елшілігіне келіп, дауыс беру нәтижесін қадағалап отырды.

Эндрю Цвик, оқытушы:

Мен саясаттың әсіре жанкүйерімін. Демократ Хиллариға дауыс бердім. Себебі Трамптың саясаттан аса хабары жоқ, Клинтон білікті маман. Трамп өзінің нәсілшілдік пиғылды жақтаушы екенін көрсетті. Оның босқындар мен мұсылмандар туралы пікірі де қате. 

Дональд Трамп заңсыз иммиграцияға тосқауыл қою үшін АҚШ пен Мексика арасында биік дуал тұрғызатынын айтқан. Мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салынатынын жеткізіп, кейіннен бұл ойынан бас тартқаны да бар. Жаңа президент өзінің қызметіне ресми түрде 20 қаңтардан бастап кіріседі.

Саламат Омаш, тілші:

Ресей президентін «тамаша басшы» деп есептейтін Трамп Ресейдің Қырымды тартып алғанынан бейхабар болып шыққаны ел есінде. 4 миллиардқа жуық байлығы бар азамат қазақстандық боксшы Головкинді «Ұлы боксшы» деп санайтынын да айтқан. Хиллари Клинтонның Трампқа хабарласып, өзінің жеңілгенін мойындағанын әлемдік БАҚ-тар жарыса жазып жатыр. Алдағы күндері оның адресіне дүниежүзінің түкпір-түкпірінен үшбу хаттар жаумақ.

Саламат ОМАШ