Қазақстанның ММА федерациясы басшысы Алик Айдарбаевқа іздеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы федерация ұжымы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.
"Қазақстанның Біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның қазіргі президенті Алик Айдарбаевты іздеуде. Алик Серікұлы, спортшылармен хабарласуыңызды сұраймыз!", – делінген жазбада.
Сонымен қатар, жазбаға федерация өкілдері мен аймақтық бөлімшелері пікір қалдырған.
"Біз федерация президентін таба алмай жатырмыз, ол байланысқа шықпайды. Оның басшылығы кезінде федерацияның 100 миллион теңгеден астам салықтық қарызы жиналып қалды”, – делінген пікірлердің бірінде.
Туризм және спорт министрлігі жағдайға қатысты кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.