$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Астанадағы кішкентай аттасының үйіне барды

AstanaTV
16.09.2023ж. 23:43
1489
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Астанадағы кішкентай аттасының үйіне барды

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Астанада өмірге келген кішкентай аттасы – Ләйлә Сұлтанқызының үйіне барып, нәрестенің ата-анасына тосын сый жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тележүргізуші Л. Сұлтанқызының айтуынша, биыл маусым айында әлеуметтік желідегі парақшасына Сұлтан есімді ер азамат жақында кішкентайлы болатынын және өмірге қыз бала келсе, нәрестенің атын Ләйлә деп қоюды жоспарлап отырғанын жазған. Ал шілде айында нәресте туғаннан кейін, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін дәлел ретінде аталған парақшаға қайтадан салып жіберген.

Осы орайда, бүгін танымал тележүргізуші кішкентай Ләйләні құттықтау үшін қолына гүлі мен сыйлығын және бір жылға жететіндей жөргек тиелген қорапты алып, елорданың сол жағалауындағы тұрғын үйлердің біріне арнайы барды. Ләйлә Сұлтанқызын өздерінің пәтерінде баланың ата-анасы Сұлтан мен Жадыра күтіп алды.


«Осындай оқиғаның өзі елге үлгі болатындай деп айта аламын. Мұндай оқиғалар адамдарды жақындастыра түседі. Көп адамдар «хат жаздым, бірақ оны оқымайды» деп ойлайды. Сіздердің осы қуаныштарыңыз жайында оқып, өте риза болдым. Кішкентай қыздарыңыз маған ұқсасын деп есімін де Ләйлә деп атағандарыңызды естіп, көз жасыма ерік бердім. Сіздер хатты өте әсерлі етіп жазғансыздар», - деді журналист Л. Сұлтанқызы.

Пәтерге кірген бойда тележүргізуші екі айлық Ләйләні қолына алып, ыстық ықласын білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, қыздың әкесі 31 жастағы Сұлтан Мұхитұлы елордаға 8 жыл бұрын Тараздағы әскери бөлімнен қызметі бойынша ауысып келген. 2015 жылы үйленіп, қазір зайыбы Жадыра екеуі төрт баланы тәрбелеп отыр. Қазір ол Астана маңындағы әскери бөлімде қызмет етіп жатыр.

«Үлкен баламның есімін әкем қойды, екінші қыздың атын нағашы жағы берді, ал үшінші баланың есімін қарындасым қойды. Осыдан кейін ауылдағы әкеме телефон шалып, кіші қызымның есімін Ләйлә Сұлтанқызы деп атауға рұқсат сұрадым. Әкем еш қарсылық білдірмей, осы шешімге батасын берді. Қызымыз жақсы адамға ұқсасын деген ниетпен баланың атын Ләйлә деп қойдық. Баланы емханадағы жоспарлы тексеруге апарған кезде, дәрігерлер туу туралы көлікті ашып, қызымның есімі танымал тележүргізушінің аты-жөніне ұқсас екенін көріп таңданып жатады. Бүгін Ләйлә Сұлтанқызы арнайы біздің шаңыраққа келіп, құттықтап жатқанына өте қуаныштымыз», - деді Сұлтан.


Өз кезегінде тележүргізуші Л. Сұлтанқызы бұл отбасының қазақы тәрбиесіне тәнті болды.

«Қазір жастардың кейбірі үлкендерден рұқсат сұрамай, баланың есімін өздері қойып жатады. Сондықтан, рұқсат берген Сұлтанның қарт ата-анасына мың алғыс», - деді журналист.