$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Ұлы дала жорығы»: 1050 шақырым артта қалды

AstanaTV
17.09.2023ж. 09:35
694
«Ұлы дала жорығы»: 1050 шақырым артта қалды

Кеше 16 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің он бірінші кезеңі Сыр елі, жыр елі – Қызылорданың шырайлы өңірі Шиеліде аяқталды. Шабандоздар белгіленген маршруттың 1050 шақырымын басып өтті.

Он бірінші кезең қорытындысы бойынша, Түркістан облысының командасы кезекті рет жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып аттаса, Қостанай облысының командасы үшінші болып жетті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1050 шақырымы артта қалды.

Бас ветеринар Ольга Гробер Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы командаларының бүгінгі шабысына қарап, Түркістандағы жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін деген болжам жасады.

«Сонымен қатар командадан тыс келе жатқан жамбылдық аттың жағдайы өте жақсы. Алда үш кезең бар. Сондықтан нақты осы команда жеңіске жетеді деп айту қиын. Түркістанға дейінгі жол ауыр. Үздік келе жатқан кез келген команданың аяқасты жарыстан шығып қалуы да мүмкін», - деді бас ветеринар О.Гробер.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы командасының бір аты 11-кезеңнің алғашқы 50 шақырымында жарақат алып, команда капитансыз үш атпен мәреге жетті. Айта кетейік, 9 команда ішінде Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында ғана 4 ат, қалған 7 команда үш атпен жорықты жалғастырады.