«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Қызылорданың шырайы шыңдарындай, тұнығы суларындай Жаңақорғанда аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
12 кезең қорытындысы бойынша, Жетісу облысының командасы алғаш рет жеңімпаз атанды.
Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып аттаса, Түркістан облысының командасы үшінші болып жетті.
Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1150 шақырымы артта қалды.
Сонымен қатар бұл кезеңде былтырғы чемпион әрі 11 кезең бойы көш алда келген – маңғыстаулық «Көкмойнақ», елорда шабандоздары мен Қарағанды облысының командасы аттарының болдыруына байланысты жорытуын тоқтатты.
Алда 2 кезең, яғни 150 шақырым қалды. 6 команда 18 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеруге аттанады.
Түскі астан соң 9-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 1250-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.
12-күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Қостанай облысы, 82 сағат 59 минут 06 секунд
Ақтөбе облысы, 83 сағат 07 минут 07 секунд
Жетісу облысы, 83 сағат 34 минут 24 секунд
Алматы қаласы, 90 сағат 05 минут 19 секунд
Түркістан облысы, 91 сағат 31 минут 56 секунд
Абай облысы, 96 сағат 54 минут 24 секунд.
Жоба ұйымдастырушыларының бірі Серік Абжанов 1150 шақырымды еңсеру аттар мен азаматтарға да оңай болмады деп отыр.
Жобадан соң біздегі тұлпарлардың тағдырын шешетін ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады деген үміттемін. Жорық Қазақстандағы ат спортының дамуына үлкен серпін береді деп сенемін. Шабандоздар 20-40 шақырымдық бәйгеге ғана емес, ұзақ шақырымдық марафон-бәйгеге ат дайындайтын болады. Ат баптаған адамда тектілік болады. Жорықта жүрген жігіттің бәрінде тектілік бар. Сөзге тоқтайды, атты өте қатты сыйлайды. Аттың пырақ екенін, адамға серік екенін жан жүрегімен сезінген азаматтар бәрі. Ер-азаматтардың аңқылдаған көңілі көрінді. Жігіттің жігіті сыналатын жер. Үлкен сынақ үстінде тұрса да, мәрттікпен бір-біріне жол беріп, бір-бірін тыңдап, бір-бірінен білмейтінін үйреніп жүр. Небір әдемі азаматтық мінезді көріп жатырмыз. Бұл – жалпы қазақ жастарына үлгі. Қазақтың жоғалтып алғаны осы еді ғой. Егер осы оралса, әрине оның берері көп, - деп тарқатты С.Абжанов.