Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Атырауда мектепке баратын 200 метрге жетпейтін жаяу жүргіншілер жолын салуға ақша бөлінбей отыр

19.09.2023ж. 20:00
763
Атырауда мектепке баратын 200 метрге жетпейтін жаяу жүргіншілер жолын салуға ақша бөлінбей отыр

Атыраудағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп ата-аналары балаларын сабаққа жіберуге қорқып отыр. Олар жаяу жүргіншілер жолын салуды сұрап, былтырдан бері арызданып келеді. Бірақ қала билігі бар-жоғы 200 метр жолға қаржы бөлмей отыр.

Ата-аналар шағымды тыңдайтын құлақ қалмады,- дейді. Балалардың денсаулығы мен өміріне алаңдап, қалалық әкімдікке былтыр үшбу хат жазған. Жауап та, жол да жоқ. Нәтижесінде мектепте оқитын мың жарымнан астам оқушы күн сайын өміріне қауіп төндіріп, автокөлік жолымен жүруге мәжбүр. Қыста қауіп күшейеді дейді, алаңдаған аналар.

Айжамал ЕСҚАЛИЕВА, АТА-АНА:

3 немеремді қайда жіберерімді білмеймін, машинадан тығылып, машинаға жол береміз. +Кілең темірлер шығып жатыр. Шодырайып әр жерден. Масқара құлап кетсе, тұмсығына, ия көзіне кіреді.

Гүлдана ІЗБАСАРОВА, АТА-АНА:


Акиматқа, ЖКХ жазған арыздарым бар. Мектеп басшысында бар. Бір жылдан бері ешқандай қозғалыс жоқ. Акиматтан бір кісі келіп қараған жоқ. Тратуар, пешехо сұраймыз балаларға.

Бұл оқу ордасында күрделі жөндеуге байланысты көрші мектептің оқушылары да білім алады. Сабақ үш ауысыммен өтеді. Көлік тұрағы тар болғандықтан маңында аяқ басар жер жоқ. Жағдайды басшылыққа мектеп директоры да хабарлаған.

Айнагүл МӘЖЕКОВА, М. БЕКМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда мың жарымға тарта оқушы осы жолмен мектепке келіп-кетеді. Сонымен қатар мектептің оқушылар қатарында 31 оқушымыз инклюзивті білім алады. Балалардың мектепке келіп кетуіне өте қатты кедергі келтіріп тұр.

Данияр Ғарифолла, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Жалпы ұзындығы 171 метр жобаға еніп, алдағы уақытта 2023-24 жылы жоспарда қарастырылған.

Маманның жауабы ата-аналарды қанағаттандырған жоқ. Олар жергілікті биліктің бар-жоғы 200 метрге жетпейтін жаяу жүргіншілер жолынан неге ақша үнемдеп отырғанына түсінбейді.