Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматы облысында әкесінің мәйітін күшпен алып кетпекші болған азаматтар ауруханада төбелес шығарған

20.09.2023ж. 20:00
697
Алматы облысында әкесінің мәйітін күшпен алып кетпекші болған азаматтар ауруханада төбелес шығарған

Алматы облысы Талғар орталық емханасында сұмдық оқиға болды. Әкесінен айырылып, қара жамылған отбасы мәйітті ауруханадан күшпен алып кетуге тырысады. Қарсылық танытқан қызметкерлерді жұдырықтың астына алып, ауруханада төбелес шығарған. Дәрігер мен медбикені соққыға жыққан.

Марқұмның бала-шағасының кеудесі ашуға толы. Олардың айтуынша, әкелеріне жөнді көмек көрсетілмеген.

Ақжол БАҚЫТҰЛЫ, МАРҚҰМНЫҢ ҰЛЫ:

Бірінші Балам сол жерде шетінеп кеткен. Дәрігердің кінәсі, өз аяғымен барған әкем, ол кісі осы үйден сөйлеп шыққан. Больницаға скорыймен алып барған. Бірінші көмек көрсетеміз деген бірақ көмек болмаған. Врачтары жоқ ішінде. Ночной дежурный болу керек. Врачтар келген де бетіне күліп өліп қалды, өліп қалды болды деп тұрған. Бауырым тұр мен өтемін дегенде, көкірегінен итеріп жіберген бауырымды. Біздікін ғана көрсетіп жатыр, өздерінің ұрғаны қайда? Біздер жөн жоқ қол көтеретіндер емеспіз. Әкеміз қайтыс болып жатыр.

Марқұм таңғы 3:30-да жүрек патологиясына күдікпен емханаға түскен. Дәрігерлердің сөзінше, қажетті тексерістерден кейін науқас жансақтау бөліміне көшіріліпті. Алайда жасалған шараларға қарамастан сағат 5:20-да биологиялық өлім тіркелді. “Заң бойынша біз полицияға хабар бермей, тиісті құжаттарды толтырмай мәйітті бере алмаймыз”-дейді емхана қызметкерлері.

Сайра ҚЫДЫҚОВА, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ТЕРАПИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Олардың іс әрекеті өте агрессивті болды. Біз олардың көзінше 102-ге хабарласып, барлық жағдайды түсіндірдік. Алайда, олар жансақтау бөліміне баса көктеп кірді. Қарсылық танытқан реаниматологті бірнеше рет ұрып жіберді. Сол кезде басқа қызметкерлер де көмекке келді. Екі қызметкеріміз ауыр жарақаттар алып, қазір емделіп жатыр.

Емханадағы төбелестің салдарынан реаниматолог пен мейіргер мидың жабық жарақатын, көптеген гематомалар мен жабық сынықтар алған. Оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министірлігі мәлімдеме жасап, дәрігерлерге жұдырық көрсеткендерді қатаң жазаға тартуды талап етті.

Әсел АРТАҚШЫНОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Министрлік медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты зорлық зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайтуды үнемі көтеріп келеді. Осы бойынша заңнамаға өзгерістер еңгізіліп, парламент мәжілісіне жіберілді, жақын арала бекітіледі деп күтілуде.

Полиция Талғар ауруханасында дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні ұстады.

Бауыржан ӘЛЕНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫ:

Бұл дерек ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі бойынша аудандық полициясында тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талғар ауданының полиция қызметкерлері 1987 ж.т. Ш. есімді және 1994 ж.т. Н. есімді күдікті тұлғаларды анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Науқастар мен олардың туыстарының медицина қызметкерлерін зорлық-зомбылықпен қудалауы Қазақстанда қалыпты жағдайға айналды дейді мәжілісмендер. Сондықтан, дәрігерлерді заңнамалық тұрғыдан қорғап, олардың мәртебесін көтеру керек деп санайды.

Гүлдара НҰРЫМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұлай жалғаса берсе, жақын арада адамдарды емдейтін ешкім қалмайды. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және мәртебесіне қатысты заңнамалық шараларды қолға алатын кез келді. Онымен бірлесіп жұмыс істеу керек деп есептейміз.

Мәжіліс депутаттары оқиғаға қатысты тергеудің әділ жүріп, кінәлілердің толық жазалануын сурайды.