$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордалық ерлі-зайыпты тігіншілер балаларын да еңбекке баулуда

Қызылордалық ерлі-зайыпты тігіншілер балаларын да еңбекке баулуда

Қызылордалық Темірбековтер отбасы ақ-адал еңбектерінің арқасында жетістікке жетіп отыр. Ерлі-зайыпты тігіншілер бүгінде көліктердің орындықтарын қаптап, соңғы үлгіде жабдықтап береді. Балаларын да еңбекке баулып, бар білгендерін үйретуде. Отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп отырған жандар туралы келесі бейнематериалда.

Ерлі-зайыпты тігіншілер кәсіптерін 4 жыл бұрын бастаған. Алғашқыда мемлекеттен қайтарымсыз грант беріліп, 2 тігін машинасын сатып алыпты. Тынбай еңбектенгеннің нәтижесінде кәсіптерін дамытты. Жоспарлары да көп.

Руслан ТЕМІРБЕКОВ, ТІГІНШІ:

3Д төсеніштерін жасауға әрекет жасап жатырмыз. Алдағы уақытта мәшинкелеріне тапсырыс бердік қытайдан. Басы келді. Біраз үйренушілер де болды бізден. Аймақтардан Жалағаш, жан-жақта аудандардан келіп жатыр балалар үйренуге. Алдағы уақытта осы жерге жұмысшы балалар алып, үлкен цех қылып жіберсек. Сондай бізде армандар пайда болып жатыр.

Руслан мен Маралдың бірі -юрист, екіншісі- музыкант. Бірақ отағасы ауыр жұмысқа жарамағандықтан тәуекелге бел буып, осы кәсіпті қолға алған. Бүгінде қызы мен ұлын да еңбекке баулып, тігіншіліктің қыр-сырын үйретуде. Бұл тәрбиенің бастауы дейді Марал Жүнісова.

Марал ЖҮНІСОВА, ТІГІНШІ:

Күнде жұмыс-жұмыс, қимыл. Адамның ішкі-құрылысын да ол жақсартады және оның өмірге көзқарасын, әрбір тиынның үйдегі, әрбір нанның, майдың қалай келіп жатқанын олар түсінеді. Тәрбие дегеннің теоремасы жоқ қой негізі. Бұл жұмыс арқылы отбасылық ауызбіршілігіміз өте нығайды.

Қызы Әнел -14 жаста. Ас-ауқат әзірлеу, маталарды пішу -барлығы оның жауапкершілігіндегі жұмыс. Ал кішкентай Мирас тігін машинасын бес саусағындай біледі.

Мирас ТЕМІРБЕК:

Сабақтан келгеннен кейін футбол үйірмесіне барамын. Футбол үйірмесіне келгеннен кейін ата-анама да көмектесуге уақытым тиеді. Сөйтіп, әкем машинаның полигін қыздырады, кеседі. Содан кейін маған береді. Мен жиектерін тігемін. Осы үй дамып кетсін, отбасым дамып кетсін деп көмектесемін.

Жұдырықтай жұмылған жандар отбасылық кәсіптен нәсіп тауып отыр. Бастаған істерінің көзін тапқан олар маңдай тер еңбекпен талай қиындықты еңсеріп, талай жетістікке жетуге болатынына сенеді.