Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс", - Президент

20.09.2023ж. 20:00
620
"Қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс", - Президент

Бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлем мінберінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болған. Олқылықты түзеу үшін ұйымның Құқықтық кеңесін реформалау керек. Президент Кеңес құрамында Қазақстан да болуы қажет екенін айтты. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеген Қасым Жомарт Тоқаев тағы қандай ұсыныстар айтты? Сүндет Оралбеков тарқатып айтады.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында әлемдегі сын-қатерлердің салдары ауыр болатынын айтты. Президент келелі жиында бас қосқан көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты деді. Сонымен қатар кез келген алауыздықты күшпен емес мәміле арқылы шешуге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал.

Қазір қоғам тап болған сын-қатерлердің ең қауіптісі - ядролық қаруды қолдану. Сондықтан Мемлекет басшысы ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керектігін айтты. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін.

Қару-жарақтың сатылымы мен оны қолдануға тиым салынса, әлемде бейбітшілік орнайды деген сөз емес. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан тыныштығын сақтауда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл тұрғыда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін атап айтқан жөн. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы діни кітаптарға құрмет көрсетпей, вандалдық әрекетке баратындарға ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.

Сарапшылардың сөзінше, бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен діни өшпенділікке қарсы тұрады.

Асқар НҰРША, САРАПШЫ:

Президенттің ұсынысы -өте орынды. Әлемдегі барлық дінге құрмет көрсету- маңызды. Қасиетті кітаптарға құрмет көрсетпей, жыртып, өртеп жатқандар бар. Әр мемлекет сол вандалдарға жол бермеу керек. Себебі, дін өте нәзік. Осындай іс әрекеттер арқылы әлемде алауыздық тууы мүмкін. Бұл ұсыныс сол қайшылықтардың алдын алады.

Былтыр дүниежүзі халқының 10 пайызға жуығы аштық азабын тартқан. Сондықтан Президент жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің мінсіз жүйесін құру қажет дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады.

Мемлекет басшысы климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жедел шараларды қабылдау керектігі таптаурын әрекетке айналып кетуі мүмкін деді. Ерте күнді кеш қылмай қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру үшін тиімді және трансформациялық қадамдар қажет екенін айтты.